Асхат Аймағамбетов: «Әкімшілік сотқа шақырту хабарламасы келді»

0
2419

«Кеше түскі уақытта WhatsApp-қа күмәнді хабарлама келді: “Арнайы ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізудің басталғаны туралы хабарлайды» деп жазады Democrat.kz. сайты депутат Асхат Аймағамбетовтің жазбасына сілтеме жасап. 

«Хабарламада менің ЖСН-ім көрсетілген, мәтін ресми стильде, бірден екі тілде жазылған – бәрі өте сенімді көрінеді. Төменде – “құжаттармен танысу” деген сілтеме.

Осындайда бірден ойланасың: “Бұл не? Қандай іс жүргізу?”

Алаяқтар дәл осылай жұмыс істейді – адамды абыржытады, ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермейді, сілтемені ашуға асықтырады.

Мұндай схемаларды жақсы білемін, сондықтан күмәнді сілтемелерді баспаймын. Бірақ олардың қалай жұмыс істейтінін тексергім келді.

Браузер тарихын ашып қарасам – “Сот кабинеті” мен мемлекеттік органдардың жалған көшірмелері тұр.

Егер мен логин мен құпиясөзді енгізген болсам, алаяқтар бірден барлық деректеріме қол жеткізер еді.
Одан кейін: Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу, Онлайн-несиелер рәсімдеу, Қоңырауларды басқа нөмірге бағыттау, Банктік шоттардан ақша шешу.

Менің әлеуметтік желілерім мен басқа да ресурстарымды бұзу әрекеттері тұрақты түрде қайталанып отырады. Үйреншікті жағдайға айналды.

Олар түрлі тәсілдерді қолданады – жалған сайттар, фишингтік шабуылдар, спам-хабарламалар.

Осынан орай, қауіпсіздік үшін келесі шараларды қабылдауға тура келді:

Барлық әлеуметтік желілер, мессенджерлер және электрондық поштадағы хабарламаларды автоматты түрде өшіруді орнаттым.
Бұзылған жағдайда алаяқтар бұл деректерді пайдалана алмауы үшін.

Браузердегі cookie файлдарын, кэшті, сақталған құпиясөздерді және басқа да деректерді үнемі тазартып отырамын.

Максималды қорғаныс жүйесін орнаттым, жеке ақпаратты телефонда сақтамаймын.

Бірақ тек осы шаралармен шектелуге болмайды. Кез келген адам бұзу мен жеке деректердің ұрлануынан толықтай қорғалған деп айта алмайды.

Егер сізге осындай хабарлама келсе, не істеу керек?

Сілтемеге баспаңыз. Мемлекеттік органдар ешқашан WhatsApp, Telegram немесе SMS арқылы сілтемелер жібермейді!

Логин, құпиясөз, ЖСН, банк деректерін енгізбеңіз!

Браузердің кэшін және cookie файлдарын тазалаңыз.

Қос сатылы аутентификация (2FA) орнатыңыз.

Хабарлама жіберген нөмірді бұғаттап, Полицияға хабарлаңыз» деп жазды Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Фото интернеттен.