Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға қабылдау ережелерін өзгертуді ұсынды

Депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда магистратура мен докторантураға қабылдау тәртібін өзгертуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, енді бекітілген талап бойынша, магистратура мен докторантураға түсу үшін талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсыруы міндетті. Оқу қазақ немесе орыс тілінде жүргізілсе де, бұл талап бәріне ортақ болмақ,
“Мысалы, қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты мамандықтарға түсетін жастар да алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көпшілігі – ағылшын тілінде. Оларды оқу, түсіну, пайдалану — әр зерттеушіге қажет. Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім едім. Алайда қазір жағдай өзгерді”, – деді депутат.
Аймағамбетовтың айтуынша, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет, қажет болады да.
“Біз бес жыл ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Технологиялық революция орын алды. Қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады. Иә, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет. Қажет болады да. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратураға түсуге кедергі болмауы тиіс. Өйткені енді осы технологиялармен, жастар ғылыми жұмысын бастай алады. Оның үстіне, шыны керек, айтылған талап студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ. Ең қиыны – қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр”, – деді депутат.
Аймағамбетов бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныстарын айтты. Оный айтуынша, мына талаптар өзгеруі керек.
- ағылшын тілін ерте – мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажет. Кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес 3-4 сыныптар мен 10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан 5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алынбыз. Бірақ бұл бастама толық іске аспады. Осы бағытты нақты іске асыруымыз керек;
- оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн. Ал сол кезеңге дейін ағылшын тілін бакаларвриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламасына кіргізіп, тереңдетіп оқытқан дұрыс. Сонда нақты нәтиже болады.
- ағылшын тілінде оқытатын немесе қосдипломды бағдарламалар, мен филиалдар үшін бұл талапты керісінше күшейткен жөн. Яғни әр бағытқа қарай саралау қажет.
- Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн.
“Мысалы, қазақ филологиясы, музыка сияқты салаларда балама жолдар ұсынылуы тиіс. Бұл – университеттің өз құзырында шешілетін мәселе болуы керек.
Бастысы – диссертацияның сапасы мен ғылыми ортаға қосқан нақты үлесі маңызды. Оны конференцияларда талқылау мен ғылыми жұмыстың нақты пайдасы керек. Жалпы, бұл талаптарды университеттердің академиялық еркіндігі аясында реттеген дұрыс деп есептейміз”, – дейді депутат.