Әскерде сарбаз өлімі болмасын десек…

0
283

«Атамекен” телеарнасының «Түскі формат» бағдарламасында әскердегі өлім-жітімді талқылаған болдық. «Болдық» деуімнің де өз себебі бар. Біз тек көрермен боп қалдық.

Жүргізуші жігіт эфир кезіндегі дауға ие бола алмай қалды. Сөйтіп, жанған отқа, аққан суға қарап отыра беретін басым Ермурат Бапи аға мен Ербаян деген жауынгердің ағасы екеуінің дауына мәңгі қарауға да дайын екенін білдім.

Біздің уақыт қысқа болды. Оның үстіне байланыс  үзіле берді. Меніңше, скайп арқылы шыққан барлығымызда осындай ақау болғанына қарағанда телеарна тарапынан кеткен ақау бұл.

Айтқым келген бір дүние бар. Әскердегі әлімжеттікті тыю қиын. Болған. Бола береді де. Егер, әскердегі жүйені өзгертпесе. 2008-2009 жылдары әскерді толықтай келісімшарт негізіне өткіземіз деген желеумен әскерде болмаған біраз жігітті бірден (контрактниктікке) алған болатын. Негізі осы бағытта жұмыс істей беру керек.

Бірақ, барлығы келісім шарт қызметкері болған кезде өлім-жітім тоқтайды дей алмаймын. Ол жаққа келген әлжуаз жігіттер контрактник болса да, жауынгер болса да қағажу көреді. Бала мектепте, колледжде, универде әлжуаз болса әскерге келіп бірден Рембо боп кетпейтінін түсініңіздер.

Дұрысы, әлжуаздардың әскерге келуіне жол бермеу шығар қазіргі таңда… Бірақ, мұндай жерлерде системаны мойындамайтын бірбеткейлерді де ұнатпайды. Шакалдар ондайларды да жабылып «сындыратынын» ескеру керек.

Кілең бір шақырылымның балаларынан рота құрып, өзінен үлкен шақырылыммен араластырмау тәжірибесі де бар. Ептеп, нәтиже берді. Бірақ, ол жерде де мықты мен әлжуаз іріктеледі шамалыдан соң. Бұл да толық құтқармайтын әдіс.

Міндетті әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлерді бақылаудың, тәрбиелеудің жаңа жүйесі керек секілді. Оларды қару-жараққа үйрету, соғыс тактикасына үйрету әскери қызметкерлердің құзырында болып, кешкі мезгілдегі бақылау, кезекшілік «гражданский» адамға жүктелген жөн және ол гражданский әскери бөлім командиріне, сол министрлікке бағынбауы керек.

Қазіргі тиімді дүние осы ғана. Бірақ, бұл уақытша шешім. Жемісін берсе әрі қарай жалғастырсын. Әкелер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері кезектесіп  кезекшілікке түсетін жүйе жасау аса қиын емес.

Бұл қызметі үшін өз жұмысынан сол күні немесе ертеңіне босатылып, үстеме төленсе болды. Әскери бөліммен немесе министрлікпен меморандум жасап байқастап көруге болатын секілді.

Тағы бір айтарым, саннан сапаға қарай өтуді де назардан тыс қалдырмаған жөн. 40-50 мың әскер жинап ап, тек автомат атқыза беру әскердің мәртебесін арттырмайды.

Айтпақшы, бізде бір қызық үрдіс бар. Елдегі келеңсіздікті, жүйедегі қателікті сыртқы күштен, көрінбейтін жаудан көре салу. Әскердегі өлімді алаулатып-жалаулатып, әр сайтқа салып, көрінген блогердің жазып отыруын сыртқы күштен көргендей болды ма депутат ағам сондай бірдеңе…

Айсұлтан ЖАҚЫПОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен көрнекілік үшін алынды.