«АСП» алу енді арманға айналуы мүмкін

0
229

Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұдан былай әлеуметтік жәрдемақы тағайындау жүйесінде өзгерістер жасалатынын, ендігі жерде бұрынғыдай «АСП»-ні кім көрінгенге беріле бермейтінін мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Расында да, ел аузында «АСП» аталып кеткен Адрестік әлеуметтік жәрдемақыны алатын отбасылар елімізде өте көп. Мемлекеттік жәрдемақының бұл түрін ең көп алатын аймақтың қатарына Түркістан және Маңғыстау облыстары жатады екен. Айта кетейік, Еңбек және халықты қорғау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы «АСП»-ні 2,2 млн. адам алса, ал 2023 жылы қосымша 598,4 адамға осы жәрдемақы тағайындалған.

«АСП» төлеу үшін ел бюджетінен 57,4 млрд.теңге жұмсалыпты. Бұл жәрдемақы кімдерге беріледі? Отбасындағы кіріс табыс көзі мемлекет бекіткен ең төменгі жалақы деңгейіне жетпейтін азаматтарға, көпбалалы отбасыларға беріледі. Мемлекет тарапынан берілетін осы жәрдемақы тағайындалған сәттен бері әлеуметтік жағдайын осы жәрдемақы алу категориясына қарай түрлі жолдармен «реттеп» алғандар аз емес.

Ай сайын «АСП»-ні күтіп, тек сол ақшаны ғана жаратып күнелтіп жатқандар қаншама. Барлығы бірдей емес, мыңдаған отбасының ішінде расымен де мемлекеттің жәрдемақысына мұқтаж жандар да жеткілікті. Десек те, «АСП» алып отырған отбасының бәрі осы жәрдемақыға әзер күнелтіп отырғандар деуге келмес.

Мәселен, осы жәрдемақыны алу үшін рсеми некеде ажырасып, бірақ бірге тұрып жатқан ерлі-зайыптылар туралы қаншама дерек анықталған-ды. Сондай-ақ күнделікті табыс тауып жүргендер немесе ресми емес жұмыстарда ақша алып жүргендер де нақты табысын жасырып, мемлекет ақшасын қосымша алып отырғаны жасырын емес.

Миллиардтаған бюджет қаржысының осылай талан-таражға түсуі әлбетте биліктегілердің назарынан тыс қалмасы анық. Десек те, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің жәрдемақыға байланысты мәлімдемесі біраз кісінің ұйқысын қашырып, ренішін тудырғаны сөзсіз. Үш баласын өзі асырап-бағып отырған жалғызбасты келіншек Айсара Қалдыбай «АСП»-дан қағылсақ, қайтіп күн көреміз деп уайымдайды.

«Дүкеннің еденін жуып, айына 60 мың теңге аламын. Бұл айлыққа төрт адам екі апта да күнелте алмайды. Қуықтай бір бөлмелі жатақхананы жалдап тұрамын. Үш баламның киімі мен тамағы бар. Жолдасым қайтыс болған. «АСП» біздің отбасымызға кәдімгідей жәрдем еді. Егер одан қағылсақ, қаңғып қалатын шығармыз»,- дейді Айсара. Ал шымкенттік Жанна Адамбек мемлекет тарапынан берілетін түрлі жәрдемақылар халықты масылдыққа үйретуде деген пікірде.

«Менің де төрт балап бар. Жолдасымның бір жалақысымен өмір сүрудеміз. Үйіміз ипотекада. Әйтсе де, «мемлекет жәрдем етсін» деп жәрдемақыға үміт байлап отырған жоқпыз. Кішкентай баламмен үйде отырсам да, көрпе-жастық тыстарын тігіп сатып, ас-суымызға ақша тауып отырмын. Жалпы, аяқ-қолы бар дені сау кісінің мемлекет ақшасына телміріп, алақан жаюын құптамаймын. Жұмыс істеу керек. Аула сыпырсаң да, ақша табуға болады ғой.

Көптеген отбасыны білем, осы «АСП»-ні де алып, қосымша кіріс табысын жасырып өмір сүруде. тағы біреулер бар тек қана үкіметтен берілетін жәрдемақылармен күнелтуде. Былай қарасаң, солардың бәрі еңбекке жарамсыз, ауру-сырқау емес. Алайда жұмыс істегісі келмейді не болмаса, мемлекеттен қалай болғанда да «артық ақша» алуды көздейді. Бұл барып тұрған масылдық қой!?»,- дейді ол.

«Мен көпбалалымын. Мемлекет маған жәрдем етуге тиіс» деген түсініктегі азаматтар елімізде аз емес. Мемлекеттің демографиялық мәселесін шешуде әрине, бала санының көп болғаны маңызды. Десек те, мәселе баланың санында ма, сапасында ма?

Он бала тауып оларды дұрыс тамақтандыра алмаса, лайықты білім алуына жағдайы болмаса, киерге бүтін киімі болмаса, ондай көп баладан қаншалықты сапалы ұрпақ шығуы мүмкін? Алайда бұл жағын ойлаудан гөрі міндетсіну мен жоғарыда сөз еткеніміздей масылдық психологиясы басым қоғамда өмір сүріп жатқанымыз шындық және өкінішті.

Меніңше, мұндай түсініктен арылатын уақыт келді. Баяғы кеңес дәуірінен келе жатқан түсінік бұл. «Партия мен үкімет далада қалдырмайды» дейтін заман келмеске кеткен. Мемлекет жұмыс орындарын ұсынып, арнайы курстар да ұйымдастыруда. Сол мүмкіндікті де пайдаланбайды көбісі. Соған қарамастан «мен жұмыссызбын, мемлекет жәрдем етсін» дейді. Бұл жақсы құбылыс емес», — дейді әлеуметтанушы Қаламқас Нұрбек.

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz

Фото ашық дереккөзден алынды.