Астанада өмір сүру — ерлікпен пара-пар

0
127

«Бала-шағамен Астанаға көшіп барсам… күнделікті тіршілігі қалай?» деп сұрайтындар үшін:

Күнкөріс

Астана 17 баласы бар үлкен отбасы сияқты. 17 өңір – 17 «бала». Алып өндіріс орны жоқ. Аймақтар асырап отыр. Әр «баласы» қолында барын бас қалаға жөнелтеді.

Батыс – бензин (жағармай), Қарағанды – көмір, Қостанай – бидай, Ақмола – айран-сүт, ет, Шығыс – бал, май, Жаңаарқа – қымыз, Павлодар – сәбіз, Қызылорда – күріш, тұз, мұз кәмпит, Жамбыл – қант, Түркістаннан көкөніс, жеміс-жидек келеді. Жұмыс таппағандар құрылыс пен сауда, такси, жеткізу қызметінде еңбек етіп жан бағады.

Астанада ата-аналар жұмысбасты, себебі кредит төлеуі керек. Екі-үш жерде жұмыс істейтіндер де бар. Таңертең кетеді. Кешке келеді. Бала-шағаға көңіл бөлуге уақыты жоқ. Телефоннан бас алмайтын бала-шағаға бас-көз болатын ата мен апаның көмегі көп.

Денсаулық

Сол жағалауда емхана тапшы. Дәрігерге бару үшін бір ай бұрын жазылу керек. «Дамумедтегі» кезегің 1-2 аптадан соң жеткенше ауырғаныңды ұмытып қаласың. Сол үшін басы ауырып, балтыры сыздағандар жекеменшік емханаға барып емделеді. Басқа амал жоқ.

Балабақша

Мемлекеттік балабақшаға сәбиді перзентханада шыр етіп өмірге келген сәттен кезекке қояды. Ұзынсонар кезек күткен бала көп. Кейбір бала кезегі келгенше мектепке баратын жасқа жетеді. Себебі, орын тапшы. Ал жекеменшік балабақша құны 100-150 мың теңгеден басталады.

Мектеп

Оқушылардың көпшілігі үш ауысымда оқиды. Жыл сайын жаңа мектептер ашылса да орын тапшы. Саршұнақ аязда оқушылар үйден қашықтан оқиды.  Астанада халық саны күрт көбейді деуге келмейді. Күнкөріс үшін әр аймақтан мегаполистерге шоғырланып жатыр. Шалғай ауылдарда мектептер жабылып, оқытатын бала таппай отыр.

Баспана

Пәтер жалдау ақысы қымбаттамаса арзандаған емес. Көпшілігі тұрақты жұмысқа табан тіреп алғаннан кейін ипотекаға баспана алады. Өз үйіме төлейін деп тәуекел етеді.

Көлік

Карантиннен соң көлік көбейді. Таңертең, кешке кептеліс, жаңбыр жауса көше көлге айналады. Такси бағасы шарықтайды. Қазір кептеліс жағынан Астананың Алматыдан айырмашылығы жоқ. Жолақы – 110 теңге. Жылы аялдамалар бар. Жеке көлігіңіз болса, қыста паркинг керек. Боранды күні, аязда аялдамаға жету де оңай емес.

Ауа райы дегенде өз басым аяз, суықтың градусын емес, алай-дүлей желдің екпінін, неше метр/секундпен соғатынына үңіліп қараймын. Желге ұшып кетпесем болды. Тауда өскенмін, аяз қорқынышты емес.

Майра ЖАНЫСБАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.