Ата-аналар жиналысындағы масқара: Мұғалімге кінә артудан аспаймыз

Өткенде жеке мектепте он бір оқитын баламның ата-аналар жиналысына бардым. Ойбууу, масқараны көріп қайттым.
Кейбір әйелдер бар ғой апайларды тірілей жеп қоя жаздады. Апай дегеніміз жап-жас қыздар. Мықты мамандар екендері сөздері мен көздерінен көрініп тұр. Мұғалім әр ата-анаға баласының қылығын бір-бірлеп айтып шықты.
Он бір оқитын бала сабақта ұйықтайды, алысады, мектепте бос жүреді, көз алдап сабақ оқиды… ҰБТ тапсыратынын әлі сезініп отырған жоқ дейді.
Ал соған мына ата-аналар мұғалімді кінәлап, аузын аштырған жоқ. Мынау он бірдің емес, бірінші сыныптың жиналысы болып кетті.
Кейбір ата-аналар қызық қой. Он бірге дейін баласының сабағын мүлдем қарамай келіп, он бірге келгенде естеріне түседі.
Он бірге келгенше химиядан он элементті жатқа білмеген, валенттілігін ажырата алмаған баласынан жоғары бал күтіп, оны жинай алмаса, мұғалімдерді кінәлайды.
Баланың сабағын күнде, тіпті аптасына бір рет болса да қадағалап отырса, ол бала мектептегі білімнің сұрауы бар екенін біліп, өздігінен оқуға қалыптасады. Тәмам он бірге келгенде шажбайлағаннан пайда жоқ.
Мен өзім ешбір мұғалімін кінәламаймын. Мұғалімдері тапсырманы үйіп-төгіп беріп жатыр. Кей сабақтардан алға жылжу бар.
Бар пәле өзімізден. Өзіміз баланың нешеде ұйықтап, нешеде тұратынына дейін қадағаласақ, баланың да жаманы жоқ…
Айнұр САБЫР, белсенді ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.