«Ата-анамды тәуіп дуалап тастаған» деген қыз сұмдық жағдайды баяндады
Әлеуметтік желіде жарияланған мына бір материалды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Емші, бақсы-құшынашқа кәміл сенетіндер болады. Ал емші-тәуіптер сол аңғал кісілерді қалай теспей соратынын екінің бірі біле бермейді деп жазады Democrat.kz. тілшісі.
«Дуа деген пәлеге қанша сенбейін десем де болмайды. Өйткені оның кесірін бүгін өз көзіммен көріп жүрмін. Менің ата-анам мен ес білгелі бір емшіге бар тапқанын апарып беріп отырады.
Тіпті өздері жеуге нан таппай қалса да, қолындағы барды емшіге береді. Туған-туыстың, дос-жаранның да сөзін елемейді. Туысқандардың пайымдауынша, емші менің ата-анамды дуалап тастаған.
Мен отбасыдағы үшінші перзентпін. Алдымда ағам мен апайым бар, сосын кіші сіңлім бар. Апайым тұз-дәмі жараспай ажырасып үйге келіп отыр. Қолында бір қызы бар. Ағам отыздан асса да үйленбей жүр. Үйленбейін деп емес, жағдайдың жоқтығынан. Өйткені ата-анам бар тапқанын өзге қалада тұратын емшіге тасиды. Ағам бір-екі рет үйленем дегенде, ата-анам қазірше қоя тұр деп кейінгі шегерумен болды. Мен отбасылымын. Бірақ оларға бөліп беретіндей, бізде де артық дүние жоқ. Құдайға шүкір, өз отбасымызға жетеді.
Анам жақсы тігінші. Әкем құрылысшы. Евроремонт жасаудың шебері. Табыстары жаман емес, бірақ емшінің кесірінен бірі-екі болмай келеді. Неге екенін табыстарын жинап-теріп сол емшіге апарып береді.
Айтатындары «өлі разы болмай, тірі байымайды». Өздерінің пайымдауынша, ақшаны емшіге емес, бақилық болған ата-бабаларының ризалығы үшін беріп жүрген көрінеді.
Күндердің-күнінде берген дүниелері он есе болып қайтады екен. Емші әбден бастарын айналдырып, дуалап тастаған.
Бірде жылап-еңіріп «неге олай істейсіңдер» десем, егер ата-бабалар аруағы риза болмса, бәріміздің жолымыз жабылады. Онда бұл күнімізге де зар болып қаламыз» дейді. Бұл істерінің дұрыс емес екенін айтып түсіндіре алмадым. Туған-туыстар да, достары да қанша айтты бірақ ата-анамның ештеңені тыңдағысы да келмейді.
«Өз ақылдарың өздеріңе» деп ондай әңгіме айтқандардың бәрін қуып шығады. Қазір үйімізге адам келуден қалған. Апайымның айтуынша, кейде «ата-бабалардың басына зиярат етіп қайтамыз» деп өздері секілді біреулер келетін көрінеді.
Солармен бірге 7-8 күн жоқ болып кетеді екен. Ата-анамың қылығынан мез болған ағам үйден кетіп қалыпты. Қайда, не істеп жүр, бейхабармыз. Өткенде апайыма телефон соғып, «бәрі жақсы, маған алаңдамаңдар» депті. Енді апайым да үйден кетсем бе деп жүр. Бірақ «жас баламен қиналып қалам ба» деп қорқақтайды.
Кеше ғана апайыммен сөйлестім, ата-анам үйді кепілге қойып банктен ақша алыпты. Сөйтіп, ол ақшаның бәрін емшіге апарып беріпті.
Айтуларынша, емшінің басына бір қиын іс түсіп, тез арада 500 мың теңге ақша қажет болыпты. Енді ол несиені уақытында жаппаса, олар үйден де айырылғалы тұр.
Ата-анамды бұл шырмаудан қалай арашалап алуды білмеймін. Ешкімді тыңдамайды. Молдаға оқытайық десек, айтпа деп, ол жайлы ауыз аштырмайды» деп жазады алматылық Сәбира атты желі қолданушы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.