Аттестациядан пара беріп өтетін мұғалім бар ма?

0
2259

Facebook әлеуметтік желісінде қоғам белсендісі Нұржан Төртуыл мұғалімдердің аттестациясына байланысты пікірімен бөлісіп, сауал тастады деп жазады Democrat.kz.  Ақпараттық порталы.

“Әйелімнің мамандығы мұғалім: физик—математик. Мектеп басшылығы бұған «біліктілігін арттыру» кезеңі келгенін ескертіп, тест тапсыруға уақыт белгілеген. «Енді қайттім..?» деп жүрген бұған «жолбикелер» «500 мың теңге бермесеңіз—өтпейсіз, бәрі береді, керек болса —адамдар бар» депті.

«30 жыл мұғалімсің, 40/50 сұраққа жауап бере алмасаң, қалай мұғалім болып жүрсің?» деп контр сұрақ қойғанымда, үндемеген. Қазір «сенің тілің ащығой, өттім тесттен» деп жазып жіберіпті. Мұғалімдер—армиясы қанша пайызы пара беріп—мұғалім болып жүр сонда? Парақорлық қашан тоқтайды, кім біледі?” деп жазды қоғам белсендісі.

Осы сауалға орай пікірін білдірген жүздеген азаматтың басым бөлігі мұғалімдердің аттестациясы тек ақшамен шешіледі дейді. Төменде солардың арасынан бірнеше кісінің пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Салтанат Айдарбекова: “Рас. 30 жыл еңбек өтілі бола тұра, тіпті соны жылда өтіп, жаттап алатын уақыты бола тұра өз пәнінен тест тапсыра алмайтын әріптестер бар. Оны сол тест тапсыруға барып жүріп өз көзіммен көрдім. Сонымен қатар, құрастырылған тест сапасы да тым төмен. Алдымен тест сапасын жақсарту керек”.

Жеткербай Бекенов: “Сол тест пара алу үшін…”. Báuke Zkr: “70-80% пара береді кез келген тест болсын, квалификация алсын мұғалімі де, медиктері де сол, деңгейлері сондай…”.

Айгүл Саруарова: “Менің ұлым да физик-математик. Өз білімімен өтіп жүр, барлық тесттен. Енді қызым дайындалып жүр. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Біреулер «300 000 мың теңгеңді дайындай бер, на всякий случий» депті. Ұлым «ешкімнің сөзіне ерме, ақша дегенді атама, өзің дайындал, өтесің» деп отыр”.

Айнур Шорабекова: “Өзім өтіп келдім. Сатылатыны рас.Оған ақшам жалко и ондай артық ақшам жоқ”. Abilseit Ibragim: “800 мыңға көтерілді бағасы, ақша істеу жолында жасалған махинация тест, жемқорларды түгел құртпай еліміз оңбайды”. Омаш Ержан: “Жылдан жылға қатайып жатыр, бірақ жолын тауып парамен өтіп кететіндер бар”.

Таныстарыңыздың ішінде аттестациядан ақша беріп өткен мұғалім бар ма? Жалпы, осы аттестация мұғалімге керек пе? Қалай ойлайсыз?

Самал МӘДИ,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.