Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындардың Ұлттық білім академиясында қызмет істеуі – білім саласының қасіреті емес пе?

0
294

Әлеуметтік желідегі парақшасында танымал педагог, білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы жақында болған оқиғаға қатысты пікірін білдіріп, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

Өз жазбасында Өмір Шыныбекұлы әлеуметтік желіде жазған бейәдеп сөздері үшін соттың шешімімен Айман Сағидулладан кешірім сұраған Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының қызметкеріне қатысты жайтты сөз ете келіп, нағыз педагогтардың өзгеге үлгілі болуы керектігін баса айтады.

Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын Democrat.kz. сайтында “Ұлттық академия қызметкері Айман Сағидулладан кешірім сұрады” деген тақырыппен мақала жарияланған болатын.

“Маған “рухани ашсың” деп желіде айып таққан адам кейін Ұлттық білім академиясына қызметке алыныпты деп естідім.. Мынау “Наполеон синдромына” шалдығыпты деген адамның патша көңілі білсін..

Мүмкін өзгелерге сабақ болар… 2023 жылы жыл бойы қысым көрдім ғой..

Алдымен, көктемде министрліктің жауапты хатшысы үстімізден Бас прокуратура мен ІІМ-не шағым жазды.

Көктемнің соңында өмірімде көрмек түгілі, атын да естімеген алматылық бір директор үстімнен полицияға шағым жазды.

Сол жылы күзде Жетісай ауданындағы бір мектептің директоры мен орынбасары жеке-жеке сотқа беріп, 3-4 ай жүйкемді тоздырды..

Республиканың белсенді азаматтары “өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай” мені қорғап жатқан дәл сол кезде, “Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады” дегендей, Астаналық бір “педагог” әлеуметтік желіде маған “рухани аш” адам деген айып тақты..

Маған таққан айыбы айналайын екен..

Алматылық Айман Сағидулла әріптесімнің адресіне жазған сөздері педагогтың аузынан шығуы мүмкін емес..

Осындай адамның Ұлттық білім академиясына қызметке алыныпты дегенге сене алар емеспін..

Қазір дипломы бардың бәрі өздерін зиялылар қатарына жатқызады ғой…

Жалпы, түсінген адамға “педагог”, “зиялы” деген сөздердің салмағы ауыр.

Бұл ең алдымен жауапкершілік..

Алдыңдағы оқушылар үшін жауапкершілік, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік..

Өз немерелерің сен үшін қызарып жүрмеуі үшін жауапкершілік..

Ирина Федорова деген автор

“Нағыз зиялы қандай болады?” деген сауал тастап, оған өзі жауап беріпті:

“Академик Сахаровтың саяси қызметі үшін оған қарсы қудалау басталғанда, бұл науқанға ғылыми қауымдастықты да тарту шешілді. Әдеттегідей, ғалымдар атынан КОКП Орталық Комитетіне “ашулы” аноним хат ұйымдастырылды.

Дмитрий Сергеевич Лихачёвке де Сахаровқа қарсы осы хатқа қол қою ұсынылды, тіпті “егер қол қойса, шетелге шығуға рұқсат беріледі” дегенді де емеурінмен білдірді.

Ол еш ойланбастан бас тартып, ұзақ жылдар бойы шетелге шықпай қалды. Көп ұзамай өз үйінің есігінің алдында соққыға жығылды.

Сол хатқа тек екі адам – КСРО Ғылым академиясының мүшелері Дмитрий Сергеевич Лихачёв пен Нобель сыйлығының лауреаты Пётр Леонидович Капица ғана қол қоймаған. Ол заманда мұндай қадам батырлықпен пара-пар еді.

Келдыш өз кабинетінде П.Л. Капицаны Сахаровты айыптайтын ұжымдық хатқа қол қоюға бір жарым сағат бойы көндірмек болды. Бірақ Капица үзілді-кесілді бас тартты.

Бұған дейін дәл осы Капица болашақ Нобель сыйлығының иегері, физик Лев Ландауды НКВД абақтысынан құтқарып қалған. Ландау ол жерде бір жылдан астам уақыт отырып, аштық пен аурудан өлім аузында жатқан.

Бolshevиктік режимнің көзқарасы бойынша Ландаудың кінәсі айқын болатын — ол “фашистік сталиндік диктатураны құлату” туралы үндеудің авторларының бірі еді.

58-бап бойынша ондай әрекет үшін адамдарды түрмеге жауып қана қоймай, атып та жіберетін.

Алайда Капица Сталинді Ландауды босатуға көндірді. Ол “шпион мен халық жауын” қорғап, өз басын қатерге тігіп, оны түрмеден кепілмен босатып алды.

Тағы бір оқиға — ақын Иосиф Бродскийдің соты алдында (оны “арамтамақ” деп айыптаған). Лихачёв Бродскийдің Пушкин үйі үшін аударма жұмыстарын жасап жатқанын растайтын анықтама дайындады (сол кезде ол осы мекеменің директоры болған). Бұл анықтама Бродскийді құтқара алмады, бірақ Лихачёв оны қорғауға тырысқан санаулы адамдардың бірі болды.

Нағыз зиялы — бұл өмір сүруді үйретумен әлек болатын пафосқа толы сөзуар адам емес.

Ол — қажет кезде қайыспас ерлік көрсететін, сабырлы, ұстамды, бірақ жүрегінде нағыз ар-намыс заңы бар адам.

Ондай адам үшін үндемей қалу немесе тасада қалу — мүмкін емес”.

©Ирина Фёдорова

Жарады, бала бақша мен мектепте кімдер жоқ дейсіз, тәйірі

Ал, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындар Ұлттық білім академиясында қызмет істеуі елдің білім саласына берілген баға болса керек

Әлде менің тұжырымым дұрыс емес пе, Қазақстан ұстаздары?” деп жазды Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ.

Фото көрнекілік үшін.