Авторлық бағдарлама жаза алмайтын мұғалім – оқушыға эссе орнына өсек жаздыртады

0
865

“Қазақша оқитын баланың ғылыми сауаты төмен” деген пікірмен келісемін. Оның себебі мұғалімнен басталады. Әр пәннің академиялық тілі бар. Мұғалім академиялық тілде сөйлей алмаса, оқушысы да сөйлей алмайды. Мұғалім академиялық тілде жаза алмаса, оқушысы да жаза алмайды.

Мемлекет не себепті модератордан бастап авторлық өнім шығару талабын қойып отыр деп ойлайсыз? Авторлық өнім шығару үшін мұғалімде ғылыми ізденіс, методикалық ізденіс пайда болады.

Ал жазу академиялық тілді талап етеді. Авторлық бағдарлама жазбақ түгілі эссе жаздыртуды “өсек айту” деңгейінде жаздыртып жүрген мұғалімді де кездестірдім.

2018 жылы бір өңірге курс өткізуге бардым. Мұғалімдер тапсырма орындап жатқан кезде дәлізге шығып, мектеппен танысқым келді. Бір кабинетте оқушылар шулап жатыр.

Кірдім, таныстым, өзімді таныстырдым. “Балалар, эссе жазып жүрсіңдер ме?” деп сұрадым. “Иә, апай” деп шуылдай кетті. “Жақында Шортанбай Қанайұлының “Зар заман” өлеңіне жаздық”, -деді.

“Не деп жпздыңдар?” Бір оқушы: “Ол кезде патша болса, қазір қытайлар бізді жаулап жатыр”,-деп жаздық. “Оған дәлел келтірдіңдер ме?”- деп сұрадым.

“Иә, біздің апайымыздың сіңлісі Талдықорғанда тұрады. Сол кісілер жақта қытайлар зауыт ашып алып, қытайлар қаптап кетіпті”,- деді.

Содан мен айттым: “Балалар, сендер эссе емес, өсек жазып жүрсіңдер”. Маған аң-таң қарап қалды. “Дәлел келтіргенде басылымдарға жарияланған нақты сілтемесі бар дәлелдер келтіру керек. Дәлелдің екі түрі бар: аргумент, факт.

Кез келген жазба аргумент, факті келтіріліп, анализбен бекітіледі. Ал сендер апайдың сіңлісі айтты дейсіңдер. Өмірден дәлел келтіріп жазатын эсселер болады.

Ал сендердің жазаған эсселеріңдегі дәлел нақты фактіні қажет етеді. Эссе түріне қарай сауатты жазу қажет. Үйренгілерің келсе, сендерге сынып бойынша тегін сабақ өткіземін”,- номерімді старостаға беріп кеткенмін, хабарласпады.

(Мұғалімінен кешірім сұраймын) Сол сияқты мұғалімдер әрбір мақала түрін ажыратып жаздырта алмайды. Ақпараттық, ғылыми, ғылыми-көпшілік, проблемалық, дискуссиялық т.б. мақалалардың бәрін жанрына, стиліне, тілдік қолданысына қарай ажыратып, жаздырта білу керек.

Қалдықыз БЕШІМБАЕВА, қоғам белсендісі.

Фото көрнекілік үшін.