Азамат Сатыбалды «Қазақфильмнен» кетеді?
Әлеуметтік желіде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат Сатыбалдының қызметінен кететіні жөнінде ақпарат тарады. KAZ.NUR.KZ тілшісі істің анық-қанығын білу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдады.
Азамат Сатыбалдының «Қазақфильмнен» кететіні туралы ақпарат Telegram-дағы Pro кадры kz арнасында жарияланды.
«Ulysmedia дереккөздері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат Сатыбалды қызметінен кететінін хабарлайды. Оған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Сатыбалдының өзі кетті, әлде жұмыстан босатылды ма, бұл жағы да әлі нақтыланбаған.
Еске салсақ, актер Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» АҚ басшылығына тура бір жыл бұрын – 2023 жылғы шілденің соңында келген. Ол бұған дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болған», — делінген жазбада.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті Азамат Сатыбалдының жұмыстан босатылуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды», — делінген ведомство жауабында.
Фото интернеттен алынды.