Байлар үшін ажырасу — “трагедиямен” тең

0
166

Интернетте тұрған ашық дереккөздерді ақтара отырып, осындай бір қызық материалға кезіктік. Financial Times сарапшысы дәулетті адамдардың өмірін зерттей келе бір кездері Forbes тізімінде болған супербайлардың 40%-ті ажырасқанына көз жеткізіпті деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы Қаржылық сауат Телеграм арнасына сілтеме жасап.  

Билл Гейтс секілді (ол да кейін ажырасып тынды – ҚС) өз жарымен 20 жыл және одан да көп өмір сүретін магнаттардың саны некен-саяқ дейді.

Бай – байға, сай – сайға құяды

Психологтардың да еңбегіне сүйенсек, табысты ер азаматтар әйелді өз ортасынан таңдайды екен: дәулеті тасыған ата-анасының ертеңгі күні мұрагері бола алатын, бизнес-ледилерден немесе ғылыми жетістігі бар әйелдерден.

Ал, байлығы асып-тасыған әйелдер қауымы шама келсе мүлдем некелеспеуге тырысады немесе өмірлік серігінің табысы өзінен кем түспеуі керек. Принцип – сондай. Қатал.

Енді миллиардерлер арасында некеге берік жұптар да жоқ емес. Оның сыры – біреу ғана – ажырасу олар үшін қып-қызыл шығын. Яғни, қымбатқа түседі. Мұндай мысалға Amazon иесі Джефф Безос кейіпкер бола алады. Бір кездері байлығы жағынан алдына жан салмаған магнат ажырасқан әйеліне $38 млрд төлеуге мәжбүр болған соң «әлемдегі ең бай адам» атағынан бір күнде айырылып қалған…

Сосын интернеттегі «өз ауылымыздан» мына жазбаға көзіміз түсті:

Жақында бала күннен бірге өскен құрбым тұрмысқа шығатын болды. Тойдың шаруасын ақылдасу үшін екі жақтың үлкендері кездесті. Жігіт – ауылда тұратын қарапайым отбасының баласы. Ал құрбым – бақуатты жердің қызы. Арадағы тұрмыстық жағдай әсер етті ме, не керек, той болмайтын болды. Бәріміз таңырқап қалдық.

Осылайша арада біраз уақыт өтіп, құрбым өз теңін тауып, «бар» жерге келін болып түсті. Сол кезде ғана «бай – байға, сай – сайға құяды» деген сөздің мағынасын ұқтық. Қазақтың «Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, бай мен кедей құда болса, ілінісіп зорға жүреді» деген тәмсілі осындайда айтылса керек — деп ой түйеді автор.

Фото ашық дереккөзден алынды.