Балалар «Ұлттық қордан» ақшасын алып бастады
Қазақстанда 2006 жылы туған 41 799 бала «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша өздеріне тиесілі 100 долларын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оларға мемлекеттен бас-аяғы 4,2 млн АҚШ доллары аударылғаны анықталды.
Белгілі болғандай, 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздің барлық балаларына Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алғашқы қаражат есептелген сәттен бастап «БЖЗҚ» АҚ өтініш берген 41 799 балаға 4,2 млн АҚШ доллар аударған.
Бұл ретте 22 623 адамға тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2,3 млн АҚШ доллары берілген. Ал білім беру ақысын төлеу үшін 19 176 адамға 1,9 млн-нан астам АҚШ доллары жіберілген.
«Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (2,2 млн-нан астам АҚШ долларына 21 979 өтініш орындалды), азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 21,6 мың АҚШ долларына 215 өтініш, тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу — шамамен 17,7 мың АҚШ долларына 176 өтініш.
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (1,6 млн-ға жуық АҚШ долларына 15 885 өтініш орындалды), білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (248,6 мыңға жуық АҚШ долларына 2 477 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (70,4 мыңнан астам АҚШ долларына 702 өтініш орындалды) төлем жасау», — дейді «БЖЗҚ» АҚ.
Айта кетейік, 2006 жылы туған 304 815 бала 2024 жылдың соңына дейін 18 жасқа толады. Ал БЖЗҚ-ның мәліметінде әзірге 41 799 балаға ғана аударылғаны көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50% мөлшері жылына бір рет, 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балаларға теңдей бөлінеді.