“Балалардың қуанышын ырду-дырду көкпарға айналдырдық” дейді блогер

Танымал блогер Мөлдір Анарбаева мектеп бітірушілердің банкетіне қатысты пікір білдірді деп жазады Democrat.kz.
“Қазақ бар жиғанын баланың қуанышына шашудан ешқашан тартынбаған кеңпейіл ел еді. “Қуанса бала қуансын” деген түсінігіміз тағы бар.
Бірақ бүгінде балалардың мектеп бітіру қуанышын да ыру-дыру көкпарға айналдырып, одан да айырып тындық қой.
Бәлеміздің аққаны соншалық, оған заңды түрде тыйым салғызып, қырық қарауыл қойғыздық.
Бірақ содан болмай қалған кеш жоқ! Болып жатыр. Тек… жасырын, тығылып, елең-алаңда…
Біз одан не ұттық? Баласының кешінен ақша үнемдеген ата-аналар байып, жағдайы түзеліп кетті ме? Әлде сыныптағы кейбір жағдайы келмейтін отбасы қатарға қосылып кетті ме?
Мүмкін балалар үнемшіл, экономика туралы терең түсінікті болып шыққан шығар. Ешқайсысы да.
Керісінше, бірінің артына бірі шам алып түскен бәлеқорлар қаптады.
Сыпсың әңгіме, керілдесу болып кетті. Осылайша, тығылып банкет жасап, өзіміз балаларға заң бұзуға болатынын үйретіп жатырмыз.
Ең қиын деген 90-шы жылдардың өзінде дүркіреп өткен мектеп бітіру кештері қазіргі баршылық заманда, бәрі қолжетімді кезеңде неге балаға қуаныш сыйлайтындай болып өтпеске?!
Жоқшылық емес, ниеттің түзу еместігі, іштің тарлығы сияқты соған себеп… Қайта кейбір қамсыз ата-анаға стимул еді, “баламның банкетіне ақша табуым керек” деп орнынан тұрып, іс қылатын.
Қайткенде де, балалардың ерекше қуанышынан айырдық! Олар жасырынып емес, барша әлемге жар салып қуануы керек еді.
Ал мұғалімдерге сыйлық жасау, бөлек әңгіме…
Әлемдегі ең ұлық мамандық, ол —ұстаздық. Оларға қай кезде, қандай сыйлық жасаса да жарасады.
Не болса соған зар еңірей бермей, бір сәт кең пейілді болайықшы!” деді Мөлдір Анарбаева.
Фото интернеттен.