Балаңа өз діни сеніміңді тықпалау — қастандық

0
584

Либералдық танытып тұрмын деп ойлайтын боларсыздар!? Әрине хиджаб киюі әркімнің өз саналы таңдауы болған жағдайда мен де бұл мәселеде либералмын.

Ал бірақ сіздерге бір сұрақ. Балалардың 99% жағдайда дін таңдау мәселесінде жеке саналы түрде дербес таңдау еркіндігі бар ма, жоқ әлде ата-анасының дінін ұстануға түрлі сыртқы және ішкі факторлар нәтижесінде «мәжбүр» ме?

Сіздер христиан елдерінде ата-анасы христан бола тұра мектеп жасындағы баласы мұсылман немесе мұсылман елдерінде ата-анасы мұсылман балаларыныңың яхудей дінін ұстанғанын көргендеріңіз бар ма?

Жалпы бала туғаннан таза парақ іспеттес екенін айтып қажет емес, бәріміз білеміз. Адам туған кезде белгілі бір саяси партия ұстанымында тумайтыны іспеттес сәби де нақты саналы түрде ақпараттарды сараптай, саралай келе дербес таңдаған дінде болмайды.

Дін өте күрделі мәселе болғандықтан әр адам есейе келе әбден оң-солын танығасын өзі еркін таңдау жасауы міне нағыз адам құқықтарының сақталуы. Әйтпесе шынайы зайырлы демократиялық ұстанымдар мен либерализм, адам құқықтары тұрғысынан жаңа туған баланы шоқындырып, 5 жасар баланы сүндеттеу оның дербес таңдау еркіндігін шектеп, құқығын бұзу емес те, жалпыға ортақ мектеп формасы құқығын бұзу ма? Адам құқығы жайлы әңгіме бастағыларыңыз келсе бұны айналып өте алмайсыздар!

Бұл жерде ешкім саналы түрде хиджаб киген ересек адамдардың таңдауына қарсы шығып, олардың құқығын шектеу жайлы айтып жатпағанын түсінген абзал. «Метод соломенной чучелы» риторикалық әдісі арқылы жоқ тұжырымнан нысана құрып оны талқандаумен айналысып қажет емес.

Біз нақты кәмелеттік жасқа толмаған, мектеп жасындағы бүлдіршіндерді өздері саналы түрде терең пайымдап әлі таңдау жасай алмайтын дін мәселесінде өзге балалардан жекелеп, бөлектеуге қарсымыз. Бала жан-жақты зайырлы білім алып өзге балалармен өзін тең дәрежеде сезінуге құқылы.

Балалардың көптеген ересектер (жалпы жан-жануарлар) сияқты өзгеден ерекшеленетіндерге қандай агрессия, жақтырмаушылық танытуы мүмкін екенін білетін боларсыздар?! Діни негізде балалардың арасында барьер туғызып не керек?

Елестетіңіздерші, хиджабқа рұқсат бердік дейік, өзге діндер «лысый» ма, олар да өз атрибутикасын мектеп қабырғасында паш етіп, даралануды талап етеді. Бір сыныпта оқитын ата-анасы мұсылман, хиджабтағы баламен ата-анасы ортодоксалды яхудей немесе т.б. балалардың арасында діни негізде кикілжің, барьер туындамасына гарантия бар ма?

Иә, ондай барьерлер қазірдің өзінде бар болуы мүмкін, бірақ балалардың ата-анасының дінінің атрибутикасын айқын паш етіп даралануы ондай конфликтке отқа май құйғанмен бірдей әсер етері сөзсіз! Бұл өзге балаларға да мен сендерден емеспін, сендер мен сияқты емессіңдер деген сигнал.

Сол себепті де балалардың арасында отбасының әлеуметтік жағдайына, ұлтына, дініне т.б. белгілеріне қарай жік түсірмес үшін ортақ мектеп формасы қажет! Мектеп формасында көпшілік айтып жүргендей мини юбка мен қысқа кеудешеге де рұқсат жоқ!

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы бар. Әр мектептің ішкі уставында нақты жазылған стандарттар бар! Сондықтан мектеп формасы қысқа киюге рұқсат береді деген — бос далбаса!..

Келесі мәселе егер балалардың білім беру мекемесінің қабырғасында жалпыға ортақ мектеп формасын киюі олардың жеке таңдау еркіндігі мен құқығын бұзу болып саналатын болса оқу бағдарламасында бекітілген биология пәнін, антропогенез, синтетикалық эволюция теориясы бөлімдерін де жалпыға ортақ міндетті оқыту олардың діни сенімін таптап, құқығын бұзу дерсіздер?

Бәлкім ер балалармен қыз балалардың бір сыныпта оқуы, ер мұғалімдердің сабақ беруі де жеке таңдау еркіндігін шектеу болар? Осылай жалғасып кете береді. Саясат, дінмен ересек адамдардың  бастары қатып жүргенде, балалардың араласатын мәселесі емес! Бала бала болып қалсын…

Алмас ҚУАНТАЙҰЛЫ, білікті ұстаз.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.