Баланың басын дінмен қатырсаңыз…

0
707

Кей мектеп-интернатта балаларға сегіз сағат құран жаттатқан деген дерек желіде жария болды.

Ол Семей мектептерінде орын алған, оған сот араласып, шешім шығарылды деп айтылады…

Қазақ «Білім алу — инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаса керек.

Қазіргі балалар мектептен бастап өте күрделі білім жүйесіне енуде.

Ол — бекімеген сана жүйесіне үлкен салмақ.

Осы кезде баланы білімге, тиянақтылыққа, табандылыққа, ұқыптылыққа, өз ісін жоспарлай білуге, уақытты тиімді пайдалануға үйрету — оқудың ажырамас бөлігі.

Бұл кезең баланың болашағы үшін аса маңызды.

Осы кезде «жоғалтқан уақыт» ешқашан қалпына келмейді.

Есейген кезде, бір кездері бос жіберген уақыт пен орны толмай қалған білім оның алдынан үнемі шығады да отырады…

Бала со кезде «Әттең-ай!» деп өкінеді.

Алайда, ол ата-анасын жазғырмаса да, оның сол өкінішіне ата-анасы тікелей жауапты болады…

Қазір мектеп қабырғасынан бастап, қазақ өз баласының оқудан тыс уақытын өнерге, немесе, осындай танымдық сипаттағы үйірмелерге беретін болса, не пайдалы еңбекке дағдыландырса — ол баланың ой өрісін кеңейтеді, салауатты етеді, жан-жақты ой қабілетін арттырады, өзіне және айналасына сыни қарауға үйретеді.

Себебі, ата-ана әр үйірмені баласының қабілетіне қарай таңдайды.

Сондықтан, өз қабілетімен үйлесім тапқан өнер не еңбек түрін бала қуана қабылдайды және меңгереді…

Ол өзінің оңды әсерін баланың білім алуына да тигізеді: көптеген білім саласын ол жеңіл меңгере бастайды…

Осы жағдайда «сырттан таңылмаған» әрі «бала таңдауына сай» білім алу жеңіл, ерікті-еркін сипатқа көшеді.

Егер, сіз жоғарыда айтылғандай, баланың Алтын уақытын дінмен ұрласаңыз, кей мектептегідей түсінбейтін тілде, түсініксіз кітап мәтінін жаттатқызып қойсаңыз — онда ол бала «жан дүниесі еркінен» ажырау себепті — өмірінде білімді де шетке ығыстырып тастайды…

Өзі (әрине, ата-ана не мектеп мәжбүрлеуімен) тап болған «психологиялық тәуелсіздік» оның мейірімсіз болуына, қаталдануына әкеледі.

Ол, білім мен өнерден тыс қалған себепті, оның қалыбымен өмір сүрмейтін, жүздері бал-бұл жанған қатарластарына іштей өштесе бастайды…

Ақыр соңы оның соңы ата-анасына деген агрессиямен ұштасады… Баладан тұлға шықпайды.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ, ғалым.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.