Баланың қолындағы телефон — болашағына шабылған балта

0
112

Бүгінгі оқушылардың ең ауыр жағдайы телефонға кіріп кету. Үзілісте, сәл қолы бос бола қалса телефондағы ойынға кіріп кеткен балаларды көріп шошимын.

Тамақты асығыс іше салып телефонға жүгіреді, сабақ бітер бітпес телефонға кіріп кетеді. Ал, телефондағы ойыннан кейін біраз уақыт баланың зейінін сабаққа аудару өте қиын болады.

Ресми психологтар мен зерттеуші мамандардың тұжырымына сүйенсек, телефонға тәуелділік оқушының зейінін шашыратады, есте сақтау қабілетін нашарлатады, мінезін өзгертеді, адами қарым-қатынасын азайтады, көздің және мидың қалыпты жұмыс істеу қабілетін бұзады.

Зияны өте көп. Бұрын қатты елемейтін едім, қазір тіпті ауырлап кеткен екен.

Өткен айда ата-аналарға телефонсыз мектепке айналайық деген ұсыныс тастап, сауалнама жасадым. 90% + ата-ана екі қолын көтеріп қолдады. 2-3% ата-ана бәрі бір десе, 7-8% ата-ана баласының телефон тәуелдігіне қарсы емес, телефон жинап алуға қарсы.

Сонымен басым көпшілік ата-аналарымыздың қолдауымен, әріптестеріміздің қолдауымен барлық QAZBILIM ұлттық лицейлері ертең 20 желтоқсаннан бастап, телефонды таңда жинап алып, кешке таратып береміз деген шешімге келдік.

Мектепте телефонсыз өмір өткізетін боламыз. Бұл мектептің білім мен тәрбие беру үдерісіне оң әсер етіп, оқушыларға пайдалы болады деп сенемін!

Мектепте телефонға рұқсат бермеу әлемде 25-тен аса мемлекетте бар екен. Оның бәрі дерлік дамыған елдер, білім сапасы жоғары елдер.

Бұл дұрыс қадам деп ойлаймын. Біз де сол қатарға қосылдық!

Енді QAZBILIM ұлттық лицей оқушылары мектептегі өмірін телефонсыз өткізеді.

Сіздер бұл шешімге қалай қарайсыздар?

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, білікті ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.