Баланың саны маңызды ма, сапасы ма?

0
1025

Белгілі баспагер Шыңғыс Мұқан журналист Ерлан Әбдірұлының You tube арнасына берген сұхбатында бала туу мәселесіне де назар аударып, баланы дүниеге әкелу туралы ойлағанда саннан гөрі сапаны ойланған дұрыс деген пікірін айтты, деп хабарлады  Ulysmedia.kz.

КӨП ОҚЫМАҒАН ЕЛДЕРДЕ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТОЛҚЫН БОЛАДЫ

Оның айтуынша, жалпы жер-жүзінде демографиялық толқын деген болады. Демографиялық толқын дегеніміз не? Ол білімі аз, экономикалық жағдайы нашар, көп оқымаған елдерде бала туу көрсеткіші, яғни демография жоғары болады дегенді білдіреді. Ал қоғамның оқуға, білімге ұмтылып, жұмысқа деген құлшынысы артқан сайын бала туудың мүмкіндік құны көбейеді де бала туу күрт азаяды.

Осы ретте ол бір қызық детальды мысалға келтірді. Ол Қазақстан мен Израиль елінде бір қызық феноменнің, былайша айтқанда құбылыстың бар екенін атап өтті.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ИЗРАИЛЬДЕ БІР ҚЫЗЫҚ ҚҰБЫЛЫС БАР

Біздің елде және Израильде қызық құбылыс бар. Басқа елдермен салыстырғанда, біздің елде халықтың жан басына табысы орта деңгейде. Ал мұндай деңгейде демографиялық дүмпу болмау керек. Бірақ бізде демографиялық дүмпу бар. Израильде де солай.

Соған қарап мен елдің орта табысы адамдардың табысынан құралмайды деп ойлаймын. Ол көбіне мұнай және басқа да компаниялардың табысынан құралады. Сондықтан біздің елдің орта табысы жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққанда жеке адамдар үшін аз. Сол себепті демографиялық дүмпу әлі жалғасып жатқан сияқты, — деді ол.

Сұхбат беруші демографиялық дүмпудің жалғаса бергені де еліміз үшін жақсы екенін айтты.  Бірақ санды сапаға ауыстыру механизмдеріне көбірек көңіл бөлу керек деген ойын да жасырмады.

ЕЛДЕ САННАН ГӨРІ САПАҒА ДА КӨҢІЛ БӨЛІНІП ЖАТЫР

Ол елімізде бала тууда саннан гөрі сапаға көңіл бөлініп жатқанын да ескертті.

Мен баланың оқуына, білім алуына көңіл бөленбей жатыр деп те айта алмаймын. Себебі, бізде 11 сыныптық мектепте білім алу былай қарағанда тегін. Колледждерде де тегін. Мемлекет көп қаржы бөледі. Жоғары оқу орны да тегін десе болады. 100 мыңдаған грант береді. Бірақ соның нәтижесі қаншалықты ұлттың сапасын көтеріп, көтермей жатыр. Ол жағы басы ашық мәселе, — деді ол.

Осы жерде баспагер Қазақстан мен АҚШ-тың халыққа білім беру жағы салыстырып, елімізде білім беру Атлант мұхитының ар жағында жатқан алып елдегі жағдайдан әлде қайда жақсы екенін ашып айтты.

Мәселен, АҚШ-ты алайық. АҚШ Үкіметі білім гранттарын бермейді. Бізде Қазақстанда жасалып жатқан жағдайдың көбін жасамайды.

Бізде бала туған әйелге 2 жыл демалыс беріп, аз болса да 1 жыл бойы әлеуметтік ақы төлеп тұрады. Ал ол жақта мұндай жағдай жасалмайды. Бала туған әйелге жұмыс беруші 2-3 ай мүмкіндік береді. 2-3 айдан кейін жұмысқа шықпаса, жұмыстан шығарып жібереді. Аса талантты болсаң, университеттер білім грантын береді. Аса талантың болмаса ақылы оқисың, — деді ол.

Тоқетерін айтқанда сұхбат беруші Қазақстанда демографиялық дүмпудің бар екенін, алайда әрбір ата-ана баланың білім алып, үлкен азамат болып өсіп, қалыптасуына қолда бар жағдайдың бәрін жасау керектігін айтты.

Фото интернеттен алынды.