Баласы науқас ата-ананың шарасыз жағдайынан ақша таппайық

0
26

Жалған үміттің құны қанша: өзбек клиникалары балалар аутизмін емдейміз деген желеумен қазақстандық ата-аналардың қалтасын қағып отыр

Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын дейтін қазақпыз ғой. Әсіресе, баласы науқас ата-аналар жанын қоярға жер таппай, жер-әлемді шарлап, баласын емдеудің жолын іздеп кетеді.

Мұны түрлі клиникалар барынша пайдаланып жатады. Қазір қоғамда аутизмі бар балалар саны артып келеді. Биылғы жылдың 1 қазанындағы ақпаратқа сәйкес елімізде 11 мыңнан бастам бала аутизм бойынша бақылауда екен.

Осы жазбам аутизммен ауыратын балалар мен олардың ата-аналары түсіп қалып жататын «тұзақ» жайлы. Соңғы кездері, шынын айту керек, әлеуметтік желідегі таргетте болсын, жай ғана ватсап пен телеграм чаттарда болсын, баланы аутизмнан емдеп жазуға болатыны жайлы жарнамалық хабарлар тым көп болып кетті.

Әсіресе көршілес өзбек ағайындардың клиникалары өте бір агрессивті түрде өздерін жарнамалап жатады. Олар көршілер елдің ата-аналарын «аутизмнен толық емдеп жазамыз» деген жалған ұранмен өздеріне шақырып алып, балаларға дәлелденбеген әдістермен ем-дом жасай бастайды.

Өкінішке қарай көптеген қазақ отбасылары «үмітсіз шайтан» деп, сол жарнамаларға сеніп, бар жиған-тергені мен үміт-арманын арқалап, сол Өзбекстандағы клиникалаларға барып жатады.

Алайда ондағы «дәрігерлер» ұсынатын, қолданатын әдістер аутизм саласының мамандары арасында көптеген сұрақтар туғызуда. Бүгін оның неге қауіпті екені жайлы айтсам деймін.

Алдымен дәлелденбеген әдістер мен дәрілік ем-дом. Аутизм – бұл дәрілермен емдейтін емес, түзетенін сырқат, тіпті сырқат деуге келмес, «денсаулық жағдайы» десек болады. Соған қарамастан өзбекстандық клиникалар дәрі-дәрмекпен емдеу әдістерін белсенді түрде жарнамалап келеді, алайда оның тиімділігі әлі ешқайда дәлелденбеген. Оның үстіне бұл жағдайды шешкені былай тұрсын, баланың жағдайын күрт нашарлатып жіберуі де мүмкін.

Айтып отырған өзбекстандық клиникалар өздерін барынша жарнамалап қана қоймай, әлеуметтік желілер мен интернеттегі жағымсыз пікірлерді өшіріп, тек оң пікірлерді қалдырады екен.

Соның кесіренен «ғажайып дәрілер» мен «санаулы күн ішінде аурудан айығу» сияқты жел сөзге көптеген ата-аналар сеніп қалып жатыр. Бұл өз кезегінде ата-ананың қалтасына қаржылық ауыртпалық салып, баланың денсаулығына да өз зиянын келтіреді

Олар бір деммен балаға үлкен көлемде дәрілер мен инъекциялар сала бастайды, бұл бастапқыда «оң әсер» еткендей көрінгенімен, уақыт өте келе оның жағымсыз жанама әсерлері мен бала денсаулығына тигізіп жатқан зияны байқалады.

Интернеттен бір ата-ананың пікірін көріп қалдым. Ол баласына күніне 5 екпе қойылатынын жазған, бұл деген айына жүздеген екпе. Осыдан кейін баланың ағзасы уланып қалмасына кім кепіл?

Сондықтан тек ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдістерге жүгінейік. Балаларымыз аман болсын. Ал баласының амандығы үшін күресіп жүрген ата-аналарға сәттілік пен шыдам тілеймін.

Ата-аналардың қалай қиналатынын түсінемін, әркім-ақ баласының аман болғанын тілейді ғой. Бірақ баланы бір демнен емдеп жазатын ғажайып дәрі болғанда әлемде ауру адам қалмас еді ғой. Сондықтан өзбектер ұсынған ем-домға сене бермейік!

Тоқтар ЖАҚАШ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.