Бас мүфти дәстүрімізге қатысты не айтты?

0
94

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырауда өткен ғылыми конференцияда экстремизммен күрестің төте жолы ретінде салт-дәстүр мен дұрыс шариғатты дәріптеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатыр.

Ел болып қалыптасып, бағыт-бағдарын түзеген мемлекет үшін дін мәселесі өте өзекті. Елдің амандығы, оның тыныштығы біз үшін аса қымбат. Қазақ халқы «жау жоқ деме, жар астында» деп, ұлтты әрдайым қауіптен сақтандырып келген. Экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі.

Адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр. Шынтуайында, Ислам деген сөздің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты – әлемдегі адамзат арасында бейбітшілік орнатуға негізделген.

Хақ дініміз нақақтан нақақ ешкімге соқтықпауға, жаман нәрседен бойды аулақ ұстауға, адамзатқа мейрімділік танытуға, толерантты, зиялы болуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Шын мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп ескерткен, — деді ол.

Ол жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болатынын айтты.

Жат ағымның жетегінде кеткендердің ұстанымынан осы аталғандарды байқаймыз. Бірақ олар ешқашан өз ілімдеріне күманданбайды, тіпті белсенді түрде жүрген жерінің бәрінде насихаттап жүреді.

Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. Осы ретте айта кету керек, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестандық және шығыстық түрлері де бар.

Ең қызығы жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады, — деді Бас мүфти.

Бас мүфи экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет екенін айтты.

Сондықтан экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет деп есептеймін. Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз.

Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер жоқ емес. «Қазақ дінсіз болған» деген сынды шала түсініктегілер елімізді ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келді. Ал шындығында қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатыр, — деді Бас мүфти.

Фото ашық дереккөзден алынды.