Бас мүфти ненің құрметіне мынадай марапат алды?

0
176

Кеше «Қазақстан халқы Ассамблеясы» төрағасы Қ.Тоқаевтың орынбасары Марат Әзілханов бас мүфти Наурызбай Өтпеновті «елдегі рухани келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін марапаттады.

Ақиқатында, дәл осы Н.Өтпенов мүфтият басшысы болғалы ҚМДБ молдалары мен ұстаздары қазақтың қара домбырасын харамға шығарды, «шеше» деп балаларын тастап кететін көкек әйелді айтады» деп көкіді.

Мемлекеттің рәмізін – Қазақстанның Әнұранын «халал да емес, харам да емес» деген де ислами дінкештер. Тәңіршілер, құраншылар, сүлейменшілер, гүленшілер, «зікіршілер» мен басқа да сопылық діни ағымдарға қарсы теріс пәтуа шығарып, қоғамда діни алауыздықты өршітіп отырған да – мүфтият.

Өтпенов басқаратын ҚМДБ имамдары әлі де ортағасырдағы Халифаттың саясат тезіне салып Құранның «Фатиха» сүресінің 7-аятын «адасқандар» – христиандар, «Алланың қаһарына ұшырағандар» – иудейлер» деп тәпсірлейді.

Жақында ғана ҚМДБ ғұламалары «Мұсылмандар аулаған аңның еті ғана адал, басқа діндегілер мен атеистер аулаған аңның етін жеуге болмайды» деп пәтуа шығарды.

ҚМДБ жарғысын бұзып, ұйым билігін узурпациялап алған Н.Өтпенов – мүфтияттағы Ғұламалар кеңесінің басшысы. Ол да балиғатты ер балаға -12, қыз балаға – 9 жас белгілеп, «балиғат жасқа келгенде қыз бала хиджаб киюі тиіс және үйлене беруге болады» деген.

Бұл Қазақстан заңдарымен қорғалған балалар құқығын аяқасты ету еді… Мүфтиятқа бағынатын Сарыағаш медресесінде жас балаларға Әбдіжаппар Сманов бұтын уқалатып қойғанда Бас мүфти Н.Өтпенов балалар құқығының бұзылуына қарасты ешқандай шара қолданбады.

Атышулы ағайынды Смановтар әлі де Сарыағыш медресесін билеп-төстеп отыр. Осылайша Қазақстан қоғамында алауыздық тудырып, конфессияаралық және этносаралық татуылыққа сына қағып отырған ислами ұйымның басшысын – Бас мүфти Наурызбай Өтпеновті Ассамблея атынан М.Әзілхановтың марапаттауында қандай гәп бар?

Бұл сұрақтың жауабын ҰҚК-нің офицері, талай жыл Дін істері комитетін басқарған Марат Әзілхановтың өмірбаянынан іздеп жатырмын. Қызықтың «көкесі» осында сияқты.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Фото көрнекілік үшін.