Бас мүфти туралы жұрт білмейтін сұмдық-шындық қандай?

0
2645

2011 жылы Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі Наурызбай Өтпеновті Қарағанды облысының бас имамы қызметінен алып тастап, «бұдан былай мынаны дін саласына жолатпаңдар» деп өсиет айтып, оны ҚМДБ жүйесінен туалай қуып жіберген-ді.

Дегенмен, «тесік моншақ жерде қалмайды» деген сөз рас екен, талай жыл имам болған, тек исламды ғана дәріптеп уағыз айтқан діндар Н.Өтпенов ҚР Дін істері агенттігінің діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі бас сарапшы қызметіне тұрды.

Бұл кезде ҰҚК-нің офицері Марат Әзілханов агенттік төрағасының орынбасары еді. М.Әзілханов Дін істері агенттігіне төраға болған (2013) соң Н.Өтпенов қайтадан мүфтият жүйесіне қайта оралды және оның ҚМДБ-дағы лауазымы жыл сайын өсіп отырды, Бас мүфти болды…

Ислам уағызшысының – имамдардың ҚМДБ сияқты қоғамдық ұйымнан қуылып, мемлекеттік органнан пана табуы, мемқызметкердің қайтадан имам бола қалуы қалыпты жадайға айналды.

Қазіргі Бас мүфти Н.Өтпеновті былай қойғанда, мұсылман жамағаты ғана авторитет санайтын қари Еркінбек Шоқай, Бауыржан Есмахан сияқты имамдар да талай жыл ҚР Дін істері агенттігінде (комитетінде) дінтанушы-сарапшы қызметін атқарды, бір аяғы – анда, бір аяғы – мұнда, меморган мен мүфтият арасында талтайып жүр.

Бұл жағдай зайырлы Қазақстандағы бірнеше проблеманың басын ашып берді.

Біріншіден, барлық діндерге бейтарап қарауға тиіс Дін істері комитеті де-юре – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамында.

Де-факто – Дін істері комиетті бір жағынан ҰҚК-нің, екінші жағынан ҚМДБ қоғамдық ұйымының бөлімшесіне айналған сияқты. Қазір Ассамблеяны басқарып отырған ҰҚК офицері Марат Әзілханов он жылдан астам дін істерімен шұғылданды (өмірбаянын қараңыз).

2011 жылдан бері осы агенттікке (комитетке) төрағалық еткен басқа лауазымды тұлғалар да «сау сиырдың жапасы» емес… ҚМДБ имамдарының экстремистік һәм ұлтараздығын қоздыратын уағыз-насихатына, мүфтияттың радикал пәтуаларына, Н.Өтпеновтің ұйым жарғысын бұзған сорақы әрекетіне Дін істері комитеті ылғи көз жұмып қарайды.

Мемлекеттік орган (комитет) имамдар мен бас мүфтидің жалдамалы адвокаты сияқты көңіл-күй қалыптасырып отыр… Осылайша министр Аида Балаева өзіне бағынышты комитеттің тізгінін басқалардың қолына беріп қойғандай әсер қалдырды.

Екіншіден, Дін істері комитеті, атауы айтып тұрғандай, Қазақстандағы діни ұйымдарды алаламай бірдей қарауы тиіс. «Дінтанушы-сарапшы» деп имамдар мен ислам уағызшыларын жауапты лауазымдық қызметке алып алатын Дін істері комитетінің жұмысын дін саласын зайырлы мемлекеттік мүдде тұрғысынан реттеп отырған бейтарап орган» деп қалай айтамыз?!.

Осындай біржақты позицияның кесірінен ҚМДБ-ға, Бас мүфтиге жақпайтын қаншама діни ұйымдар мен ағымдар қысымға ұшырады. Мұндай комитетке еліміздегі ондаған діннің өкілдері сене қоймас…

Сөз соңында айтарым, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын Дін істері комитетін ислам уағызшылары мен мүдделі күштерден тазартпай, меморганды шынайы бейтарап позицияға көшірмей қоғамдағы дінаралық және ұлтаралық келісімді түбегейлі орнықтыру қиын.

Осыны Ақорда біле ме екен?.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Фото автордың парақшасынан.