Бас мүфтидің Перизат Қайраттан қандай айырмашылығы бар?!
Rixos-та отырып алып, қол жайып қайыр сұрау ысырап емес пе? Бас мүфтидің Перизат Қайраттан қандай айырмашылығы бар?!
Мүфтият Астанадағы ең қымбат мейрамханаға — Rixos-қа кәсіпкерлерді жинап алып «Нұр-Мүбарак» діни университетінің 2016 жылы басталған «сақалды» құрылысына ақша жинауды «рухани кеш» деп атапты.
Мұның қай жері «рухани кеш»?! Молдалар кәсіпкерлердің қалтасын қағудан рухани рахат шығар.. Әлде аста-төк дастархан басында ҚМДБ жарғысына сәйкеспейтін бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің «мүбәрак жүзін» тағы бір мәрте көру кәсіпкерге ғанибет пе?.. Өз басым мынау жерден «рухани кәйіп» көріп тұрған жоқпын.
«Нұр-Мүбарактың» жаңа оқу корпусы бітпейтін жыр болды: 8 жыл ішінде жоспардағы 9 қабатты үй қаңқасының төртінші қабаты ғана тұрғызылды, бұл құрылыстың 20 пайызы ғана.
Осы үшін 3 мәрте қайырымдылық қор құрылды. Мүфтияттағылар сол қорларға қанша ақша жинап, оның қаншасы құрылысқа жұмсалғанын, қаншасы қолды болғанын тәпсірлеп есеп берген жоқ.
Халықтан жиналған миллиардтар құмға сіңген судай ізім-ғайым жоғалды. Мүфтият құрып алған «Зекет» қорындағы қаржының талан-таражға түскенін «Ұлыс медиа» сайты нақты дәлелмен жазған.
Ал Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің бұйрығымен «Алланың разылығы үшін» үшін құрылған «Уақып» қорына қайырымдылық ретінде берілген дүние-мүліктің қолды болу фактісі алдағы уақытта жарияланады.
Мен кейде қайырымдылық қорларға қатысты биліктің ұстанатын екі беткей саясатына таңғалам. «Біз біргеміз Қазақстан» деген қорға жиналған қаржы халықтың ақшасы еді ғой. Кәсіпкерлер де халықтың бір бөлшегі.
Сол қордағы қаржыны «жымқырды», «өзіне үй-жай, қымбат көлік, сырға-сақина сатып алып, әлемді шарлап рахаттанып қыдырып «кәйіп» қылып жүр» деп Перизат Қайрат есімді қаршадай қызды билік қамап тастады.
Тіпті Перизаттың президент Тоқаевтан алған медалін де, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен, идеологияның тізігінін ұстап отырған Ерлан Қарин және Аида Балаевамен бірге түскен суретін де ескеріп жатпады бұ Қаржы мониторинг агенттігі.
Ал мүфтият жанынан құрылған қорларды тексеруге келгенде билік органдары «дін мемлекеттен бөлек» деп басын алып қашады. Мұнда қандай гәп бар?!. Мен осыны түсіне алмай-ақ қойдым…
Эх, «біреуге — тоқаш, біреуге түк жоқ, ол – аш» қалған қу дүние-ай.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.