«Бас прокурордан есеп сұрауымыз керек» дейді саясаткер

0
205

Құзырлы органдар Тимур Құлыбаевтың шетелдегі активтерін қайтарумен айналысып жатыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Шынымды айтсам, активтерді қандай әдіспен қайтарып жатқанынан бейхабармын. Екіншіден, депутат ретінде президент жүргізіп отырған саясатқа зиян келтіруім мүмкін.

Әңгіме ескі Қазақстан өкілдерінің жан-жағындағы адамдарға, яғни Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты болса, президент Тоқаев пен экс-президент арасында кейбір нюанстар, келісімдер болған шығар.

Назарбаев мырза 2019 жылы 19 наурызда кеткен кезде сол кезде бір келісімдер болған шығар. Оның үстіне Ресейдің, Путинннің ықпалын да ескеру керек», — дейді Ермұрат Бапи Elmedia-ға берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловтың отставкаға кету не кетпеуі туралы ойын айтты.

«Бас прокурорды отставкаға жіберу немесе тағайындау президенттің құзырында. Тіпті парламент бас прокурорды тағайындауға араласпайды. Сондықтан ел президенті батыл әрекет етуі керек. Ең маңызды саяси шешім болуы керек. Ал Бас прокурордың жұмысына айтылар сын көп.

Менде бас прокуратура тарапынан жариялауға жатпайтын істер бар деген ақпарат бар. Бірақ активтерді қайтару бойынша комитет бас прокурорға бағынатындықтан қоғам тарапынан сын бас прокурорға айтылады.

Депутаттар активтерді қайтару туралы заңның басы-қасында жүргендіктен, ол заңның орындалуын да қадағалау керекпіз. Тіпті бас прокуратурадан есеп сұрауымыз керек. Бірақ артық ақпарат жоқ, бәрі жасырын істеліп жатыр. Активтерді қайтаруға кім өз еркімен келісті? Қанша актив қайтарылды? Мұның бәрі халықтан жасырын ұсталып отыр», — дейді депутат.

Фото ашық дереккөзден алынды.