“Бастауыштың оқулықтары – қазақ баласына жасалған ең үлкен қиянат” дейді ата-ана

0
1065

Threads әлеуметтік желісінде “баламды қазақ мектебінен орыс мектебіне ауыстырсам” деген ата-ананың жазбасы қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.

“Баламды орыс мектебіне ауыстырсам ба, не істесем болады? Қазақша мазмұндама, түсінік айта алмайды. Тілі қазақша шыққан бала неге бұлай болды?” деп сауал тастаған ата-анаға жұрт түрліше пікір жазуда.

Бірі “ауыстырма, үйреніп кетеді” десе, енді бірі “мұндай проблема қазір екінің бірінің басында бар” екенін айтуда.

Біз жазба авторына хабарласып, мән-жайды сұрап көрдік. Аты-жөнін өзгертіп беруді сұраған ата-ананың проблемасын қаз-қалпында беруді жөн санадық.

“Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша университет бітіргенмін. Диплом бойынша мамандығым – педагог. Алайда мектепте мұғалім емеспін, аудармашы қызметін атқарып жүрмін.

Биыл ұлым 2 сыныпты бітірді. Екі жыл бойы отбасымызбен “Қазақ тілі”, “Әдеиеттік оқу”, “Жаратылыстану”, “Дүниетану” секілді пәндердің “зардабын тарттық” десек болады.

Отбасымызда ешкім орысша сөйлемейді. Менің орысшам нан сұрауға әрең жетеді. Алайда ұлым жоғарыда аталған пәндер бойынша түсінік айтуға келгенде, қатты қиналады.

Бастапқыда “ютубтың зардаптары” деп аса мән бермедік. Кейін қарап көрсек, оқулықтағы әңгіме, ертегі, ереже т.б сөз-сөйлемдері 2 сыныпқа емес, 2 курс студентіне арналғандай ауыр екен.

Филолог болсам да, 2 сыныптағы мысалы, Ж.Жабаевтың “Менің өмірім” әңгімесіндегі сөйлем, сөз құрылысы бірден түсінуіме жеңіл тимеді.

1 сыныпты кеше бітірген, әлі әріпті толық танып, меңгермеген  7-8 жасар бала қыркүйектің алғашқы күндерінде “Менің өмірім” сияқты әңгімені қалай оқып, түсінігін айта алады?

Осыған ұқсас, басқа да әңгіме-ертегілерді “Әдебиеттік оқу” пәнінен көптеп келтіруге болады. “Саяхатшы түлкі” деген ертегіні оқығанымда тұтас “Әдебиеттік оқу” оқулығын құрастырған, осы әңгіме-ертегілер, өлең-тақпақтарды осында енгізген, енгізуге рұқсат берген кісілердің бәрін сыртынан сыбап тұрып ұрыстым.

Ақша үшін арын сатудың да шегі болмай ма? Не сұмдық мынау?! Сенбесеңіз, өзіңіз 1-2 сынып оқулықтарын парақтап шығыңызшы! Неше түрлі қиянаттың көкесін көресіз.

Иә, дәл қазіргі бастауыш қазақ сыныбындағы оқулықтарда балаға қазақ тілін үйретуге емес, керісінше қазақ тілінен жиреніп, бездіруге бағытталған тапсырмалар өріп жүр.

“Ғұндар” туралы да осы 2 сыныптың “Дүниетану” пәнінде 22 сабақта берілген.

Басқа-басқа бастауыштың баласының басын ғаламшар, атмосфера, тарих, физика тақырыптарымен қатыру кімге керек болды? Әлде біздің баламызды бастауыштан дүбара, мәңгүрт етуді әлдекімдер қасақана жоспарлаған ба?

Министр Ғани Бейсембаев өзі педагог, өзі де кезінде оқушы болған адам ғой. 2 сыныпта сол Ғани Бейсембаев ғұндар туралы түсінік айтып, Отырардың күйреуі туралы оқып па еді?

Баламның бүкіл оқулықтарын ақтарып шығып, түсінгенім – бұл оқулықтардың шығуына қатысы бар әрбір адам не басқа өркениеттің кісілері, не болмаса, қазақ тілінің болашағына балта шабушылар деген ой түйдім.

Өз ана тілінде қызықты, тәрбиелік мәні бар, тілге және жаттауға жеңіл сөздермен құрылған шығармаларды оқымаған 6-8 жасар бала ана тілін қайтіп меңгереді?

Баланың білімі, тілі, тәрбиесі бастауыш сыныпта қалыптасатынын ескерсек, біздегі бастауыш сыныптың оқулықтары сауатсыз ұрпақтың санын көбейтуге бағытталғандай көрінеді.

Екі баланың бірі Ж.Жабаевтың “Менің өмірім” атты әңгімесін толық түсініп, есінде сақтап қалады дегенге педагог ретінде де, ана ретінде де сенбеймін.

Ал баламды орыс сыныбына ауыстыру туралы ой орысша оқулықтарды ақтарып көргеннен кейін келді. Бастауыш сыныптарындағы орысша оқулықтар тілге жеңіл, қызықты, мән-мағынасы бар мәтіндермен берілген. Неге?

Бір елде тұрып екі түрлі білім алу стандарты енгізілгені ме, бұл қалай? Неге қазақша оқулықтар да солай жасалмайды?

Қорыта айтсақ, қазіргі бастауыштың оқулықтары біздің балаларымызға жасалған тікелей қиянат дер едім. Баламды мынадай оқулықтармен надан, сауатсыз еткенше, орысша оқытсам, ең болмаса сауатты болады-ау деп ойлаймын. Білімсіз патриоттар онсызда өрп жүр ғой “, – дейді күйінішін жасырмаған ата-ана.

Фото көрнекілік үшін.