Бауыржан Момышұлы майданда қандай әскери тәсілді қолданған

0
636

Әскери сарапшы, ұшқыш, жауынгер, отставкадағы полковник Ермек Сейтбатталов қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерекше тактикалық және стратегиялық қабілеті туралы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Бауыржан Момышұлының әскери әрі психологиялық тәсілі кейінірек «Жеңіс шиыршығы» деп аталған. Ол жауынгерлердің бойындағы үрейді жойып, «теңдессіз мықты» деп сипатталған жау әскерінің алдындағы қорқыныштан арылуға көмектесті.

Бұл тәсілдің мәні – жау шебінен ары өтіп, түнгі шабуылдар ұйымдастыру болатын. Әр сапарға жаңа бөлімшелерді қосып отырды. Жауынгерлер түнде тынығуға жатып қалған фашистерді қапыда қалдырып, оларды қару-жарағымен қоса жойып кететін.

Мұндай сәттерде қаша жөнелген жау әскерін көрген сарбаздар психологиялық тұрғыда дайындықтан өтіп, тәжірибе жинақтайтын. Бауыржан Момышұлы қоластындығаларға жаудың әлсіздігін көрсетіп, жауынгерлердің жеңіске деген сенімін нықтайтын.

«1942 жылдың 8 қазанындағы 306-бұйрық есімде жақсы сақталған. Ол жерде сарбаздардың нақты қалай әрекет ету керектігі көрсетілген еді. Одан кейін 1942 жылдың 16 қазанында 325-бұйрық шықты. Сол жылдың соңына қарай, 1936 жылғы әскери жарғы түгелдей қайта қаралып, соғыс жүргізудің жаңа ережелері бекітілді. Ол кезде Иван Васильевич Панфиловтың көзі жоқ еді, ал оның әдістерін Бауыржан Момышұлы айтып, жеткізіп жүрді. Осы өзгерістер негіз болып, сол арқылы Кеңес әскері жедел деңгейдегі әскери операцияларды жүргізе бастады», – деді әскери сарапшы.