Бекболат Тілеухан жұртты жындыға теңеп «ауру» деген

0
306

Бірнеше жыл бұрын болған оқиға болса да, әлеуметтік желіде тараған төмендегі естелік әңгіме адамға үлкен ой салатыны мәлім деген ниетпен назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік деп жазады Democrat.kz.

«2013 жылғы өзім куә болған бір оқиға есіме түсіп отыр. Сол жылы үш биімізге арналған «Сүйер ұлың болса, сен сүй» атты айтыс ұйымдастырылды (Алматыда).

Исламбек Салжанов атты меценат жігіт құрған «Алтын Қыран» қайырымдылық қорында жұмыс істейтіндіктен айтысқа сол қордың өкілі есебінде бардым.

Даудың бәрі Ринатқа қатысты шықты. Қазылар алқасы Ринатқа жоғары бал бермей, зал шулап кетті. Ашу-ызаға булыққан халық сахнаға судың бөтелкесін лақтыра бастағанда, «дипломат» Жүкең жиналған халықтың аптығын басу үшін (әдетінше) қазыларды үзіліске шығара қойды. Зал шу-шу етеді.

Біз бір оңаша бөлмеге жайылған дастархан жақтамыз. Бірді-екілі ағам халықтың реакциясын көру үшін есіктен сығалап та қояды.

Асаналі ағам шок алып қалған ба, Жүрсін «Асеке, қазір сіз шығасыз сахнаға. Халық сізді сыйлайды» деп жөпелдемете жөнеліп еді, «жо-жо-жоқты» айтып ақсақалымыз шоршып түсті. Әңгіменің ұзын-ырғасы — «мына халықты қайтып басамыз? Не істеген жөн?» (мен адам санатында емес, «кошелёк» есебіндемін).

Осы жерде әңгімеге Бекболат (Тілеухан) килігіп: «Жүке, мыналардың (көрермендер) бәрі ауру, осылардың да айтқанына көну керек пе? Жынды ғой бұлар. Бұдан кейін милиция әкеп қой, айтыс ұйымдастыратын болсаң» деп аптықты.

Бұл менің «тәк-тәкпен» айтып отырғаным, ол жердегі эмоцияның қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Әрине, Жанарбек бар, Серік Жанболат, Нұртөре Жүсіптер бар, әркім әр тарапқа тартып жатты.

Сондағы жөн сөзді (халықты ашуландырмай шешкен дұрыс деген ұсынысты) дәл осы Мұхамеджан айтқан еді. Мен сол күні құрдасыма қаншалықты риза болсам, өзім өнері мен шешендігіне тәнті боп жүрген Бекболатқа соншалықты кейіп едім.

Кейін (мұның бәрі) жай әншейін бір маневр болғанын түсіндім. Мұхамеджанның бетпердесі (енді) ашылды. Жалпы бұларда халық деген түсінік жоқ. Ел алдында басқаша, оңашада басқаша сайрайды бәрі. Шешен сөйлейді екем деп, білетін-білмейтін саланың бәріне пәтуа бере береді…

Ал ол айтыста халықтың ашу-ызасын басу үшін Жүрсін ағамның қандай «дежурный» сөз айтып, бас жүлде алған Балғынбекке (мецанат) Салжанов тағайындаған 40 мың доллардың 12 мыңын ғана ұстатқаны өз алдына бөлек әңгіме» деп жазады естелік иесі Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.