Белсенді педагог жанын ауыртқан жағдай туралы айтып, үндеу жасады

“Бағадан биік бала тұр” деген белсенді ұстаз Ақмарал Шатемірқызы әріптестеріне үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
“Құрметті әріптестер!
Мен сіздерге мұғалім ретінде жанымды ауыртқан бір шындық жайында айтайын. Ол – қалай оқытсаң да, тоқсан соңында «3» алатын оқушылар туралы.
Әсіресе, тоқсандық бағалауда бір ғана қазақ тілінен немесе әдебиеттен “3” алды дегенде, шаншудай қадалады.
Кейде сабақтың әдісін өзгертеміз.
Кейде тапсырмасын жеңілдетеміз.
Жеке оқытамыз.
Қайта түсіндіреміз.
Жан-тәнімізді салып, жетелейміз.
Бірақ бәрібір – тоқсан соңында “3”…
Сол баяғы «үштік».
Бір сәт ойланайықшы.
Мүмкін ол бала бірінші тоқсанда мүлдем жазбаған шығар?
Мүмкін ол бала ешқашан қол көтермеген, себебі үйдегі дайындық нашар…
Мүмкін бос уақыты телефонға үңілумен өтетін болар?
Мүмкін ол бала көшіруге дағдыланған.
Әлде баланың дамуын байқамай жүрмін бе?
Әрине, «3» – бұл үкім емес.
Бұл – бір тоқсандағы нәтиже ғана.
Баланың бағасы емес, білімнің бағасы.
Емтиханда «3» алған бала үшін өз-өзіме сұрақ қойдым:
Оқушы үйренген білім күткен нәтижемен сәйкес келе ме?
Мен оны қалай үйреттім?
Сабақ құрылымы мен әдістерім дұрыс болды ма?
Қай педагогикалық технологияны қолдандым?
Қай жерде оқушы қиналды, тапсырма қиын болды ма, жеткіліксіз түсіндірдім бе?
Әлде «Сенің қолыңнан келеді. Әлі де талпынып көр» деген сөзді оқушыға жиірек айтуым керек пе еді…
Бала да өзінің дұрыс оқымағанын мойындап, «үштікті» қабылдайды, бірақ ол өзіне деген сенім ұялатқан жылы жанарымызды ұмытпайды-ау.
«Үшке оқитын бала». Мен үшін ол бәрібір жақсы бала. Мен оны жақсы көремін. Себебі бағадан биік – БАЛА тұр” деп жазды Ақмарал Шатемірқызы.
Фото көрнекілік үшін.