Берік Уәли: «Үкімет енді осы тапсырмаларды орындауға күш салуы керек»

0
252

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық бағыттарды белгілеп, желдің қай жақтан соғатынын, оған қарсы амалдарды санамалап айтып берді деп хабарлайды Democrat.kz. тілшісі 24.kz. арнасына сілтеме жасап. 

Енді Үкімет осы міндеттерді орындауға бүкіл күш-жігерін жұмылдыруы керек. Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли осылай дейді. Ол «Айқын» газетіне сұхбат беріп, биліктің биылғы міндеті мен мақсатын баяндады.

Басылым бетінде алдағы отырыстардың жоспары да жазылған. Сол жағалаудағы саяси қарбалас жыл сайын Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін басталады.

Бұл – Министрлер кабинетінің міндетін айқындап, бағыт-бағдарын белгілейтін жыл ашар жиын. Биыл да дәстүрден жаңылмай, елдің саяси элитасы Үкіметте бас қосты.

Бұл жолғы кеңестің маңызы ауқымды. Берік Уәли сұхбатында: «Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр» деп, жаһан жұртшылығын алаңдатқан негізгі мәселелерге тоқталды.

Осы сын сағаттан қазақтың атқамінерлері қазына қаржысын үнемдей отырып, табысты шығуға міндетті.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы: — Әлемдегі түрлі сын-қатерлер елімізді барлық салада бетпе-бет келетін күрделі күрмеулерді дер кезінде, тіпті алдын ала шешіп отыруға міндеттейді.

Шиырып айтқанда, көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оңтайлы жұмсау, мемлекеттік құрылымның тиімділігін арттыру, артық шығынды болдырмауға баса мән беру керегін қадап айтты.

Президент баяндамасының негізгі жүлгесі осыған саяды. Ордалы отырыста Президент экономикалық өсімге көп тоқталды. Оның мәні – мынада.

Шартарапты шайқалтып жатқан айтыс-тартыстың салдары мол, оған қараша куә. Ал Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі.

Сондықтан сауда тізбегіндегі түйіткіл бізге де әсер етеді. Демек, Президент пәрмені шекара сыртындағы шекісті ескере отырып берілген.

Негізігі басымдық ел экономикасын әртараптандыруға салынды. Яғни, өндіріп қана қоймай, өңдеуші елдердің қатарына қосылу мақсаты тұр.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы: — Ерекше назар аударатын дүние – ірі өнеркәсіп жобаларының іске асырылуы баяу жүріп жатқанын сынға алды.

Оны елден шығарылған заңсыз активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажеттігін айтты. Үкіметке орта буындағы кәсіпорындар шоғырын қалыптастыру туралы тапсырма берді.

Қазір әлемде көптеген ел тиімді пайдаланып отырған туризм саласынан да қаржы табуды жөн санайтынын жеткізді.

Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды бастамалар бар. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы қаржыландыруы тұрғысынан нақты міндеттер жүктеді.

Өңдеуді өндіріспен қатар алып жүру маңызды. Қазбалы байлық бағытындағы әлеуетімізді де табысты игеру керек. Сұхбатта қосымша құн салығын көтеруге қатысты ұсыныс та талқыланды.

Қоғамның қызу талқысындағы бастамаға Президент ұстанымы белгілі. Мемлекет басшысы кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізу керек деп санайды.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы: — Президент бұл тарапта түрлі нұсқаны қарастырып, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне ерекше мән берді.

Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, сарапшылар мен депутаттардың, яғни, барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керегін қадап айтты.