“…бес адамнан асып түсу үшін жыртылдым” дейді депутат

Әлеуметтік желідегі парақшасында Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза бала тәрбиесіне қатысты өзінің басынан өткен жағдай туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
“Қазақтың көбі баласын “пәлембайдың баласын қарашы” деп өсіреді. Ылғи біреудің баласы сенен ақылды, сенен сәтті, сенен жолы болғыш болып тұратындай.
Ата-Анам мені де ылғи солай тәрбиеледі. Есімді білгелі, ылғи бір туысқанның баласы менен жақсы болып тұратын. 20-25 жасқа дейін, үйленгенге дейін – сол фактор қатты күйзеліске ұшырататын.
“Мақсатты қарашы, оқуға түсті”, “Берікті қарашы, қандай жақсы қызға үйленді”, “Серікті қарашы, қандай жақсы жұмысқа орналасты” …
Ең қызығы сол мысалға келтіретін нақты 5 туысқан болатын. Кез келген тәрбие лекцияларында сол 5 адамның біреуі мысалға келтірілетін, сол 5 адам тіпті менің жете алмайтын кумир/арман/гештальтыма айналғандай.
Уақыт өтті, сол 5 туысқанның екеуі ажырасты, біреуі арақ ішіп өлді, біреуі сотталды, біреуі әлі жұмыссыз. “Сол бесеуінен астым ба?” деп Анамнан сұрайын десем, Анам жоқ. Әкемнен сұрайын десем аяймын.
Әрине “жақсы болсын деп айттық” дер еді … бірақ олай баланы тәрбиелеуге болмайтын сияқты.
Сол 5 адам менің олармен жарысып жүргенімді де білмейді Сол бесеуінен асу үшін, тісіммен жер жыртып едім … сол 5 адамға дәлелдеу үшін көзімнің майын тамызып оқыдым, өзім үшін емес сол 5 адамнан асу үшін жыртылдым …
Қазір күлкілі. Балалық максимализм ғой әлбетте. Бірақ сол 10-35 жас аралығында кәдімгідей менталды, рухани ралли еді” деп жазды Самат НҰРТАЗА.
Фото көрнекілік үшін.