Білім саласы: Антикор «шаш ал десе, бас алатын» болғаны ма?

Жемқорлықпен күрескен өте дұрыс, әрине. Алайда соңғы кездері антикордың білім саласына қатысты істері “шаш ал десе, бас алудың” нағыз үлгісіне айналып бара жатқандай..
Жезқазғандағы заңсыз істен бөлек, барлық өңірлерде білім саласына қатысты науқан жүріп жатқандай. “Бөрінің аузы жесе де-қан, жемесе де-қан” дегендей, таза бірінші басшы болады дегенге біздің жемқорлыққа әбден үйренген қоғамдағы көп кісілер сенбейді екен. Бірінші басшысының таза болуы мүмкін емес, олардың ойынша.
Антикордың якобы “білім саласын тазалау” науқаның оты оңтүстік өңірді де шарпып жатыр екен. Сауран ауданы білім бөлімі басшысының 7 жылға қамалғанын естіп едім. Негіз болмаса, қамамайтын шығар деген ой болғанын да жасырмаймын. Ал кейін естігенімдей, ол лауазымда 3-ақ ай жұмыс істеген екен, ол әйел кісі. Бас Прокуратурада істейтін бір кісіден естігенім- 21 млн. қате есептелген сома мемлекетке қайтарылып та қойыпты. Бар кінәсі — ЭЦП кілті басқаларда болған. Ол істі зерттеген жоқпын, прокурордың өзі жаны ашып айтып отырса, демек айыппұлмен, немесе бас бостандығын шектеумен шектелетін заң бұзушылық қой.
Жеті жылға темір тордың ар жағына тоғытатындай, жылдар бойы үкіметтің, халықтың ақшасын жеп келсе, мейлі еді. Жаза тағайындағанда да, қылмыстың қоғамға қауіптілігі, мемлекетке тиген зиянының мөлшері есепке алыну керек емес пе?
Қазір инсульт алып, түрменің госпитальында жатыр деп естідім. Обал болған екен дегеннен басқа не айтасың, мұндайда?..Халықтың несібесін млрд-тап жегендер бостандықта жүргенде, біздегі заңның күші төмендегілерге ғана жететін болғанына күйінесің..
Сосын ше, біздің жемқор жүйеде өзің де жемқор болмасаң, солармен қосылып жемесең, “белая ворона” болып жүргендерді бұл жүйе жұтып жібереді екен, ұққаным..
Мысалы, Ұлытау облысында да білім басқармасының басшысы антикорға басқарманы тексеруді сұранып, өзі хатпен шыққан. Жалған дипломы барларды анықтап, жұмыстан шығартып, тиісті органдарға шағымданған.
Яғни бара сала, білім саласын өзі тазартуға кіріскен. Ақырында, міне, өзін кінәлі етіп, соты болып жатыр..
Дәл сондай схема Түркістан облысы, Сарығаш аудандық білім бөлімінің басшысына қатысты істе көрініс табады. Аудандық білім бөлімін басқарып отырған Дәулет Акатов 2023 жылдың маусым айында антикорға өзі хатпен шығып, аудандағы білім саласына түбегейлі қаржылық тексеру жасауды, тазалап беруді сұранады. Сол хаттың негізінде тамыз айында антикор органы күллі Түркістан облысындағы білім бөлімдеріне тексеруді бастайды.
Сотқа дейін куә ретінде жүрген адам бір күнде күдікті деп танылады да, күні кеше сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айрылады(!) Адвокаты жариялаған мемлекеттік айыптаушының сот жарыссөзіндегі айыптың дәлелдемесі ретінде келтірген сөзінен үзінді:
«…сотталушы «А» қарамағындағы қызметкерлер – басқа сотталушылар мемлекеттік қаржыны жымқырып жатқандығын БІЛМЕУІ МҮМКІН ЕМЕС, сондықтан ол қылмысқа сыбайлас…»
Дәл осы негізбен дәлелсіз, басқасыз адамды 7 жылға соттай салған Тергеуде жауап берген 60 қызметкердің бірде-бірі “басшы тапсырма берді” деп, қарсы показания бермеген. НСД тап-таза.
Сондықтан Акатовтың туыстарына “сотты күтіңіздер, алдын-ала байбалам салып, шулата берген сотқа, тергеуге давление болып саналады. Дәл мына жағдайда сотта ақталып шығуы мүмкін. Олай болмаған күнде өзінің ЭЦП кілтін бас есепшіге беріп қойғаны үшін салғырттық бабына түсіріп, айыппұлмен шектелу керек, әділетті сот болса”-деп, тоқтам айтып едік. Енді мына үкімге «апам да аң-таң, мен де аң-таң» боп отырмыз..
Бұл қалай болды, сонда, бізде антикордың істері бойынша дәлел болса да, болмаса да, “сондай болуы МҮМКІН” деген долбармен, жобалап соттай салатын болған ба?..
Дәл сол долбарды кейбір блогерлер де іліп әкетіп, анық-қанығын білмесе де, іс материалдарымен мүлде таныс болмаса да, өз пікірлерін тықпалап, елді шатастырып жатыр. Өлексеге үймелеген құзғындар сияқты, тіпті..
Әр істің артында адам тағдыры тұр. Бір отбасының, ата-анасы үшін шырылдаған балалардың тағдыры тұр. Сондықтан білмейтін, іс материалдарымен толық таныс емес іс жайлы, танымайтын адам жайлы жаман пікір айтпас бұрын, адами көзқараспен ойланайықшы..тым болмаса, үндемейікші..Пайда келтірмесек те, тілімізбен зиян келтірмейік.
P.S. Сарығаш аудандық сотының үкімі қолға тиген соң, облыстық сотқа апелляциялық шағым дайындалады. Сол кезде бұл іс туралы нақтылап тағы жазылады.
Ләззат АХАТОВА, заңгер.