Білім саласына осы бір жаңалық жетпей тұр еді

Білім саласында тағы бір жаңалықты жүзеге асыру қолға алынуы мүмкін деп жазады Democrat.kz.
Алдағы уақытта балаларымызға Жапон білім жүйесі бойынша білім-тәрбие берілмек. Осы мәселеге қатысты белсенді педагог Жанар РАХЫМБАЕВА :
«Ағылшын білім жүйесін қалыптастырдық, игеріп тастадық. Не пайда таптық? Баланы мылқау қылдық. Баланың тәрбиесін босаттық. Босатқаны сол жүгенді қолымызға ұстап қалудың алдында тұрмыз.
Енді Жапон білім жүйесін ұсынбақ.
Біз тұтас егеменді Қазақстан елі коммерциялық елміз бе? Әр елдің білім жүйесін алып, эксперимент жасай беретін?
Қайда біздің педагогика ғылымдарының докторлары? Қайда біздің ғалымдарымыз?
Неге солар ұлттық білім жүйесін ұсынбайды? Әр елдің білім жүйесін алып келгенде сол елдің халқының өмір сүру дағдысын ескеру керек шығар.
Бұған не дейсіздер әріптестер?» деп жазды.
Кезінде бірінші сыныптан үш тілді қатар меңгертеміз деп баламыздың миын су еткен Оқу ағарту министрлігі «ауадан жаңалық тапқыш» мекемеге айналып кеткендей.
Әйтеуір әр күні демесек те, аптасына бір рет қисынға келсін, келмесін бір «эврика» тапқыш болды.
Үш тілді меңгерту, 12 жылдық білім, «тжб», «бжб», «Әліппені» алып тастау, «Әліппені» қайта қосу, «диктант жаздырмау», «диктант жаздыру», эссе, тесттер — ел қазынасының миллиардтарын қылғытты. Нәтиже? Бар ма? Қайдан болсын?!
Басы бар, соңы жоқ мұндай «эврикалар» бюджеттің желкесіне сұғылған түтік секілді. Тек ақшаны солпылдатып соруға құрылғандай. Енді Жапон білім беру жүйесі үшін ағатын миллиардтар…
Мұның да басы алаулатып-жалаулатып басталады. Сосын соңы сұйылады. Тіпті болмаса, адамның ақылына сыймайтын, жапондардың ең мүмкін емес әдістерін бізге әкеліп тықпалайды. Бітті!
Министрлік те «эврикаларын» тықпалаудан шаршамады, «эврикаларды» үнсіз жұтудан жұрт та шаршамады, артының қайырын берсін.
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін.