Білім саласында тағы жемқорлық әшкереленді
Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің басшысы жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Антикорға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
«Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Ол Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз жалпы сомасы 4,9 млн теңге жалақы төлеген. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. «Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», — деп ескертті Антикордағылар.
Фото ашық дереккөзден алынды.