Білім саласында жаңа мамандық
Енді білім ордаларында педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымы енгізіледі.
Балы жеткен мамандықта білім алу, грант керек деп төрт-бес жылды зая кетірудің салдары ұнамайтын салада жұмыс істеуге әкеледі. Бұл мардымсыз жалақы алу, кәсіби тұрғыдан шыңдалмау деген сөз. Себебі адам о баста өзі қалаған мамандықта оқымаса, еңбек нарығындағы осындай кедергілерге тап болады.
Өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің саны артпас үшін бұл мәселенің шешімі табылған секілді. Енді мектептерде педагог-кәсіби бағдар берушілер жұмыс істеуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында Оқу-ағарту министрлігі «Педагог лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» бұйрыққа толықтыру әзірледі. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Ұсынылған бұйрықта «педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымын енгізу болашақ мамандықты саналы түрде таңдау үшін оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлау жөніндегі жұмысты үйлестіру мақсатында қажет» деп көрсетілген.
Жалпы елімізде жастардың 20 пайызға жуығы мамандық бойынша еңбек етпейді. Бұдан бөлек диплом мен еңбек міндетінің сай болмауы жалақының 15%-ға төмендеуіне әкеледі.
Бұлай деп «Болашақ жұмыс күші: Қазақстанның еңбек нарығындағы жастар» атты еңбек нарығы бойынша үшінші ұлттық баяндаманы әзірлеушілер айтты. Сарапшылар мамандарды даярлау сапасын арттыруды ұсынып отыр.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.