Білім саласындағы былық: Кей мектептегі жағдай үрей туғызады

0
1253

Президент тапсырмасына сәйкес осы айда біз мемлекеттік органдармен, Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, Алматы облысының 7 ауданындағы мектептерде жағдайды іріктеп тексердік.

Өкінішке қарай, Алматы облысының Іле ауданында бір оқушының өзге балаларға қатысты күш көрсетуі өңір мектептеріндегі жүйелі проблеманың айқын көрінісіне айналды.

Біз облыс мектептерінде балалар арасында анонимді сауалнамалар жүргізіп, оқушылардың анкета деректерін талдадық.

Нәтижелері – үрей туғызарлық.

Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле және Еңбекшіқазақ аудандарындағы мектеп оқушылары тамақ тартып алу, ақша бопсалау, буллинг, зорлық-зомбылық, сондай-ақ дене шынықтыру мен алгебра пәні мұғалімдері тарапынан тиіспе әрекеттер жайында жазған.

Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануы салдарынан ауруханаға түскен.

Сонымен қатар, Жамбыл ауданының тек бір мектебінің өзінде балалар қорқынышты жағдайды сипаттаған: бастауыш сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларын көргенде бірден қалтасына қолын салып, ақша беруге дайын тұрады, әйтпесе зорлыққа тап болады.

Балалар 5-сынып оқушысының топпен соққыға жығылғанын, мектеп ішінде насыбай қолдану кең таралғанын (кейде еденде шашылып жатады) жазған.

Бұған қоса, олар оқушылар туралы кибербуллинг жасайтын анонимді Instagram парақшасы жайлы да хабарлаған.

Бұл туралы мұғалімдерге айтқандарымен, ешқандай көмек болмаған. Бұдан бөлек, күзде кемінде 50 бала қатысқан жаппай төбелес болғаны айтылған, алайда мектеп мұны жоққа шығарып отыр, ал полицияда бұл туралы ақпарат жоқ.

Осылайша, мектептерде оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтарды мектеп әкімшілігі мен қызметкерлері жасырып отыратыны, балалармен профилактикалық әрі жеке жұмыстар жүргізілмейтіні анықталды.

Мектеп басшылығы оқушылар арасындағы жағдайды білмейді, не ескермейді, жасырады және полицияға хабарламайды.

Тағы бір алаңдатарлық жайт – мектептердің өздері жүргізген сауалнамаларда буллинг, бопсалау және басқа заңсыз әрекеттерге қатысты оң жауаптар болса да, қорытынды есептерінде көрсеткіштер 0% деп беріледі.

Сонымен қатар, облыста тәрбие жұмыстары мен қабылданған заң талаптарын жүзеге асыру деңгейі өте төмен екенін атап өту қажет.

Барлық осы фактілер облыс, полиция және басқа да басқармалар басшылығымен өткен қорытынды жиналыста айтылды.

Сонымен бірге біз арнайы анықтама дайындап, оны облыс пен тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтын боламыз.

Динара ЗӘКИЕВА  ҚР балалар омбудсмені

Фото көрнекілік үшін.