Әлдебір жобамен білім сапасын арттыру мүмкін бе?
Өткен аптаның демалыс күндері мұғалімдер мен Оқу ағарту министрлігі үшін ерекше қарбаласқа толы болды деп жазады Democrat.kz.
Бұлай дейтініміз, демалыс күндеріне қарамастан, еліміздің нағыз ұстаздары билікке ашық хат жолдап, арнайы петиция жариялаған еді.
Ерекшелеп, “нағыз ұстаздар” деуіміз де бекер емес. Себебі, “алаңсыз сабақ өтіп, балаға білім берейік! Түрлі жоба, тест, есеп сияқты бітпейтін жұмыстарды мұғалімге жүктеуді қойыңыздар!” деген наразылықты тек өз ісінің маманы, өз ісін сүйетін адам ғана жасайтыны сөзсіз.
Қазақстан Республикасының заңына сүйеніп, өздерінің азаматтық құқығын қорғау үшін, кәсіби мамандығын мінсіз атқару үшін осындай қадамға барған нағыз ұстаздардың етегіне жармасып, аяғынан шалуға жанталасқан кейбір әріптестері де жоқ емес.
Әлеуметтік желідегі түрлі топтарда “Нысаналы мектеп”, “Мақсатты мектеп” жобасының “тиімділігін” түсіндіргісі келіп, быдың-быдың еткен пікір жазып отырған боттар, фейктер мен кәдімгі жалтақ жағымпаздарға айтар сөз жоқ.
Ар-намысы, азаматтық ұстанымы, ал ең бастысы, құқықтық сауаты бар мұғалім ең болмаса, бұл жобаның заңдық салмағына назар салар еді.
Бүгінгі министр, басшы-қосшының көлеңкесінде қаңбақтай қалбалақтаған ондай пенделер үшін тиісті білімін ала алмай отырған оқушының обалы көк тиын сияқты.
Лажы болса, басшы-қосшының сөзін бүгін сөйлеп, жағынып қалса, болды. Тұтас елдің ертеңі ондайларды ойландырады деу — ақымақтық.
Осындай аянышты пенделердің кезекті әрекеті туралы белсенді ұстаз Айнұр Сабыр да өз парақшасында жариялады. Дәл осындай жазбаны келесі белсенді ұстазымыз Мира Барказатқызы да өз парақшасында бөлісті. Өзге тілде жазылған жазбаны мемлекеттік тілге аударуды намыс санап, сол скрин күйінде ұсынуды жөн санадық.
Жазбадан түсінгеніміз, “Мақсатты мектеп” жобасы мақсатына “жетсе”, Қазақстанның бүкіл оқушысы мен мұғалімі сауаттылық деңгейдің шыңына шықпақ. Бұл жобаның мақсаты да — білім сапасын арттыру екен.
Оқулығы пәлен жылдан бері жаңармаған, әр оқулығында өрескел қателері жүзіп жүрген, мұғалімі қағазбастылықтан әбден қалжыраған Қазақстанда білім сапасы осындай жобамен артады дегенге бесіктегі баланы сендіріп көріңізші!
Өкінішке қарай, үш-төрт ауысымдық мектептері, ескірген білім бағдарламасы, түкке алғысыз оқулықтары, “отчет”, тест тапсырудан сілесі қатып шаршаған мұғалімдері тұрғанда, бұл елдегі білім сапасы артпайды.
Мейлі, миллион жобаны “ойлап табыңыздар”, мейлі, сол үшін бюджеттің миллиардтарын опырып асаңыздар, одан білім сапасы артып кетпейді.
Бір ғана шындық бар — бүгінгі білім саласында қолдан жасалып отырған мынадай былықтың обалын — басшы-қосшысына жағымпаздану үшін жәрбеңдегендер де, жоғарыда отырып, жұртты ақымақ санағандар да тартары сөзсіз.
Бүгінге дейін білім саласына жауапты Оқу ағарту министрлігі ресми ақпараттық сайтымызда шыққан, өздеріне қатысты мақаланың ешбіріне жауап бермеді.
Сол себепті, аталмыш мәселеге қатысты сауалымызды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат ретінде жолдаудан басқа жолды көрмей отырмыз.
Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.