Бір әулетті дуа-сиқырмен сандалтып жіберген келін

0
1158

Жын, пері, дуа-сиқыр, шайтан деген нәрселерге сенесіз бе, сенбейсіз бе, өз еркіңіз. Алайда өз басымыздан өткен мына жағдайдан кейін бұны кездейсоқтық, мүкін емес деп айта алмаймын деп бастады әңгімесін Гүлжан. 

«Менің анам — дуа, сиқыр дегеннен ажал құшты. Оны жасаған да басқа емес, өзінің туған абысыны. Абысыны анам келін болып түскен күннен оны жақтырмапты.

Себебі шешем ата-енесінің сүйікті келіні болған. Абысыны Айгүл жыл сайын бала тапса да, ұл тумаған. Ал анамның бірінен кейін бірін туған екі ұлы абысынының мазасын қашырғаны сонша, шешеме күн көрсетпейтін болған екен.

Шағыстыру, ұрыс шығару — Айгүл апамыздың үйреншікті әдеті еді. Біз де талайына куә болдық қой.

Шешем есінен адаса бастады

Алайда төртінші ұлына аяғы ауыр кезде шешем түсініксіз бір дертке ұшырады. Күбірлеп әлдекіммен сөйлесетінді шығарды. Атам да, әжем де анамның бұл әрекетінен қорықса да, көпке дейін ешкімге ештеңе айта алмапты.

Біз де шешеміздің күн ұзақ төсектен тұрмай жатуынан бастапқы кезде қорқатынбыз. Кейін уақыт өте келе оған үйреніп кеттік. Жүктілігінің соңғы айларында шешем үйден шығып кетіп, бірнеше күн бойы жоғалып кететін болды.

Ағайын-туыс жабылып жүріп іздеп, әрең тауып әкелетін. Ол кезде әпкем екеуміз 15-16 жаста едік. Шешеміз жоғалып кеткенде, үнемі Айгүл апамыз үйге келіп «үйді тазалаймын» деп әлдене оқып, әлдебір нәрселерді түтетіп кететін. Оған аса мән бермейтінбіз.

Дуа-сиқыр жасалғанын айтты

Сол күні әлі есімде, тамақтанып отырғанбыз, шешем әй-шай жоқ, «анау тұрған портреттің артында, еденнің астында жатқандар мені қысып барады, Айгүл тағы келіп, істейтінін істеп кеткен екен» деп қайталай берді. Біз түкке түсінбедік.

Сол күні анам кәдімгі жындылар сияқты бақырып, айғалап, өз шашын өзі жұлып, қолына түскенді лақтырып, үйді быт-шыт етіп қиратты. Жұмысынан сұранып келген әкем мен көрші екі еркек жабылып жүріп, әрең дегенде шешемді байлап тастады.

Көзі аларып, ешкімді танымас күйге түскен шешемді сол күні жедел жәрдеммен ауруханаға әкетті. Жедел жәрдем келгенде есін жиды ма, әйтеуір анамыз «менің түбіме Айгүл жетті.

Оның қызғанышының кесірінен бұл әулеттің тұқымы тастаққа жайылады. Мен бәрін білемін, Айгүл бәрімізге дуа-сиқыр жасап тастаған. Көресіңдер, 11 күннен кейін ол өледі.

Сол үшін мен оған бүкіл жасағандарын өзіне беріп, топыраққа бірге көмуім керек» деп тоқтаусыз сөйлей берді. Жылап-еңіреп, түкке түсінбей біз қалдық.

Анамыз ауруханадан қашып кеткен

Анам қайдан білді, әлі күнге дейін мен үшін — жұмбақ. 12 күннен кейін Айгүл апамызды күйеуі асылып тұрған жерінен тауып алды.

Апамыздың жаназасында отырғанымызда жындыханадан хабар келді. Шешеміз екі күн бұрын ауруханадан қашып кеткен!

Екі күн бойы іздестірген полиция мен аурухана адамдары ақырында бізге хабар берген екен. Жұрт жабылып шешемді іздеді.

Сол күні түсқайта шешемнің жансыз денесін ауылдың шетінен тауып алды. Ауыл мен облыс орталығындағы жындыхананың арасы 150 шақырым. Шешеміз сол жолды жаяулатып жүріп келген, бірақ жете алмаған… Ал ішіндегі сәбиді қай жерде туып, қайда тастап кеткенін сол күйі біле алмадық.

Айгүл апамыздың күйеуі қырқын өткізген соң үйленді. Жаңа апамыз келген күннен үйге тазалық жасауға кірісті. Бізді де көмекке шақырған. Сол күні көргендерім есіме түссе, әлі күнге қорқыныштан денем дірілдейді.

Үйдің әр бұрышынан шыққан түйіншектер…Түйіншектердің іші тырнақ, шаш, жүн, суреттер, ине, ұсақ-ұсақ түсініксіз заттар. Қан жағылған маталар. Қысқасы өгей апамыздың тазалық жұмысының соңы ремонт жасауға ұласты.

Дуа-сиқырдың зардабын әлі тартудамыз

«Бұлардың бәрі — дуа, сиқыр, жын-перінің заттары» деген өгей апамыз ремонт біткенше, біздің үйге көшейік деп ата-әжем, бала-шағасымен бізге келді.

Біздің үйде де дәл сондай жағдай қайталанды. Тазалық жасау кезінде анам айтқан портреттің артынан айналдыра қадалған ине, қан жағылған мата, жүн, тырнақ шықты.

Ақырында біздің үйге де ремонт жасалатын болды. Еденнің астынан сол кезде шыққан суреттер, қуыршақтар, ине, түйіншектер…

Білмеймін, сол заттардың зияны ма, білмеймін, үш ұлдың екеуі жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ал қалған ініміз анам жатқан жындыханада жатыр. Әкем басқа әйелге үйленіп, бізді тастап кетті.

Ата-әжеміз екі келінінің жылдық асына жетпей бақилыққа аттанды. Айгүл апамыздың қыздары да өгей шешемен сыйыспай, бет-бетімен кетті. Бүгінге дейін бізбен де, өзара да араласпайды. Міне, осылайша дуа-сиқырдың зардабынан бір әулет парам-парша болды»,- деп аяқтады әңгімесін Гүлжан.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.