Бір жаназаның құны кемі 1млн.теңгеден асады

0
207

Бүгін жерлеу рәсімі туралы ақпарат білдім. Астана қаласына ғана қатысты бағалар.

Баяғыда жақының қайтыс болғанда, біреу базарға өрік-мейіз іздеп кететін, біреу молданы шақыруға кететін, біреу жер іздеп кететін, біреу жылқы союға зымырайтын. Қазір нарық заманында “похороны под ключ” деген құбылыс бар екен.

Жақының қайтыс болғанда, полицияға хабарласасың. Полициямен бірге Жедел Жәрдем келіп, жақыныңның өз ажалымен қайтыс болғанын растайды. Сосын “Өлім туралы куәлік” беріледі.

Жерлеумен айналысатын фирмаларға хабарлассаң, оларда мәйітті жуатын арнайы орын мен жуатын адамдары, марқұмды орайтын матасы, зиратқа дейін орап апаратын кілем, жерлеуге дейін сақтайтын холодильник, зиратқа дейін апаратын катафалк көлігі де дайын. Мешіттен шығарамын десең де, мешіт пен имам дайын.

Жер де сол бағаға кіреді. Қостанай трассасында яки Павлодар трассасындағы екі зираттың біреуін таңдай аласыз. Көр қазу 4-5 сағат деді. Жоғарыда жазылғанның барлығына 450-500 мың тг кетеді.

Енді ресторан. Ресторан әр адамның өз шамасына қарай, бірақ сол фирмаға “Асын жасап бер” десеңіз, сізге екі баға ұсынады. Егер етті өзіңіз әкелсеңіз, Адам басына 8 мың тг. Оған кәмпит, өрік-мейіз итд кіреді. Егер ет рестораннан болса, Адам басына 15 мың тг. Ол кезде сіз тек ақша төлеп, келген-кеткен адамдардың көңіл айтқанын қабылдап тұрасыз. Ас аяқталған соң, дастарханда қалған тамақтың бәрін әкете аласыз.

Зират салу: Зиратты 40 күнде салып бітіреміз деді. Жәй темірмен қоршап, төрт жағына мұсылманның белгісі ай мен жұлдыздарды орналастыру — 350 мың тг. Ал биіктігі 140см ақ кірпіштен қоршалған зират салу — 800 мың тг. Ары қарай фантазияңыз бен қалтаңыз шыдаса, баға өсе береді. Гранит, мрамор итд.

Қысқа қайырсақ, Астана қаласында бір адамды жерлеу — 1.500.000тг шамасында шығып тұр. Туысқаны аз, жалғыз-жарым адамдар үшін, бұл да шешім деп ойлаймын.

Самат Нұртазаұлының

Facebook  парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.