Бишімбаев пен Байжановты алда не күтіп тұр?

0
22

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты бүгінгі сот отырысында екі айыпталушы — Бишімбаев пен Байжанов соңғы сөздерін айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Келесі сот отырысы 10 мамырға, сағат 10:00-ге шегерілді.

«Келесі сот отырысында алқабилердің қатысуымен соттың шешуіне жататын сұрақтарды талқылау және тұжырымдау өтеді. ҚПК-нің 653-бабының 1-бөлігіне сәйкес сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi», — деп хабарлады Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн қарады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);

қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Фото ашық дереккөзден алынды.