Биылғы оқу жылы мамырдан кейін де жалғаса ма?

0
1649

2023-2024 оқу жылы 25 мамырда толық бітпейтін сияқты. Кей аймақтың оқушылары шыжыған күннің ыстығында мектепке баруды жалғастырмақ деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы Оқу ағарту министрлігінің құжатына сілтеме жасап.

Министрлік бекіткен құжатта “Жазғы мектеп 2024 жылғы 27 мамыр мен 31 мамыр аралығында және ағымдағы жылғы 26-30 тамыз аралығында жұмыс істейтін болады” деп көрсетілген.

Сондай-ақ жазғы мектеп көктемгі су тасқыны мен қыста аязды күні сабақтары тоқтатылған аймақ оқушылары үшін арнайы ұйымдастырылуда екен. Осы мәселеге қатысты белсенді ұстаз Айман Сағидулла да Facebook  әлеуметтік желісінде Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевты белгілеп, арнайы сауал тастаған-ды.

Алайда әзірге министр тарапынан берілген жауапты көрмедік. Есесіне жазғы мектеп мәселесіне байланысты әр өңір мұғалімдерінің тарапынан ренішке толы пікірлерді көзіміз шалды.

Қазірдің өзінде еліміздің оңтүстік аймақтарында ауа температурасы 28-29 дәрежедегі ыстықты көрсетіп тұрғанын ескерсек, маусым айындағы шыжыған күннің ыстығында қай бала сүйретіліп сабаққа баруы мүмкін?

Тіпті, оқушының ата-анасы ретінде айтайық, баламыз да, өзіміз де 25 мамырды сағат санап күтіп отырмыз. Себебі ыстық ауа-райынан жоғары сынып былай тұрсын, бастауышта оқитын баламыз “басым ауырды” деп мектептен үйге әрең келуде.

Олай болса, министрліктің “жазғы мектеп ашуының” негізгі мақсатын қалай түсінбек керек? Министрлік шығарған арнайы бұйрықта жазғы мектепке қатысуға күштеу жүрмейтіні, ата-ана баласын жіберу, жібермеуді өзі шешетіні жазылған.

Алайда жоғарыда сөз еткен әлеуметтік желідегі аймақ мұғалімдерінің пікіріне қарасақ, барлық өңірде биыл жазғы мектеп болатыны және қазірдің өзінде мектеп басшылығы тарапынан бұйрық беріліп, дайындық жасалып жатқан көрінеді.

Жазғы мектеп деген министрліктің “ерекше” жаңалығында “көктемде су басқан және қыста аязды күндері сабақтары тоқтатылған аймақтарда” деген жолдар бар. Су тасқынында да, аязды күндері де оқушылар қашықтан білім алмап па еді? Министрлік сол кездері ресми ақпарат та таратқан болатын.

Ал аязды күннің мәселесіне келер болсақ, биылғы қыста Петропавл қаласында білім алған балаларымыз аязды күндері онлайн білімдерін бағдарламадан қалдырмай оқығанына өзіміз куәміз. Олай болса, жазғы мектеп қандай мақсатпен ұйымдастырылуда?

Келесі мәселе — жазғы мектепте білім беретін мұғалімнің жалақысы толық сақтала ма? Сақталған күннің өзінде, мұғалімдердің жазғы еңбек демалысы қалай болмақ? Бұл сұрақтарға қатысты министрлік бекіткен құжаттан нақты жауап таппадық.

Әлия БОЛАТҚЫЗЫ,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.