Биылғы соңғы қоңырау басқаша соғылады

0
610

Биыл елімізде су тасқынына байланысты мектептерде 25 мамыр күні дәстүрлі соңғы қоңырау соғылмайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі ресми хабарлаған еді. Осыған орай әлеуметтік желіде ата-аналар түрлі пікірін ортаға салуда деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы. 

Мәселен, Инстаграм желісіндегі astana_typical ақпараттық парақшасында министрліктің ақпаратына қатысты ата-аналар наразылыққа толы пікірлерін жазуда. «Су тасқыны мен соңғы қоңыраудың байланысы қандай?», «Баламыздың бір қуанышы еді ғой, неге соңғы қоңырау өтпейді?» деген сыңайда пікірлер жазылуда. Осыған ұқсас ой-пікірді Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі Инстаграм парақшадан да таба аласыз.

Дәл осындай жүзге жуық пікірді Facebook  әлеуметтік желісінде де оқуға болады. «Білгенін істеп жатыр», «Қоңыраумен қоштасқанда тұрған не бар?» «Соңғы қоңырау жылдағы дәстүрімен өтуі керек» деген сипаттағы пікірлер бұл жақта да аз емес.

Бір жағынан қарағанда, расымен де, баламыздың соңғы оқу жылы. Әсіресе, 9-11 сынып бітірушілері үшін мектепте биыл соңғы қоңырау соғылатын еді. Баланың есте қалатын керемет шақтарының бірі еді.

Десек те, биылғы су тасқыны қаншама азаматымызды баспанасыз қалдырды. Жағдай әлі де мәз емес. Ал су басқан Батыс, Солтүстік аймақтарда  мыңдаған оқушымыз биыл салтанатты киіммен мектепке барып, соңғы қоңырау мерекесіне қатыса алмайтынын ескерсек, бір елдің азаматы ретінде мәселеге ортақ түсінушілік танытуымыз керек емес пе?

Соңғы қоңырау мерекесі болмаса, оқушы мектеп бітірмей қалмайды. Соңғы қоңырау соғылмаса, оқушының өміріне әлдебір зиян келмейді. Бар болғаны биыл соңғы қоңырау 25 мамыр емес, 24 мамыр, сенбі күні сынып сағаты ретінде өткізіледі.

Оқушылар жылдағыдай концерт қойып, би билеп, ән салмайды. Қазақстан деген бір мемлекеттің бүкіл оқушысы 24 мамыр күні сынып сағатына қатысып, мектеппен қоштасады. Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының оқушылары  соңғы қоңырау мерекесін дүркіретіп тойлап жатса, ал Батыс пен Солтүстіктің оқушылары онлайн сынып сағатына үйден қатысып отырса, қалай болмақ? Еліміздегі бүкіл оқушы Қазақстан деген елдің баласы. Қуаныш пен қайғыны бірге бөлісу әр қазақтың адами борышы емес пе?

Қанат ДАСТАН,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.