«Біз — дағдарыс құшағында қалған қоғамбыз» дейді журналист

0
29

Дархан аға Әбдіктің қонақ болған подкастын тыңдадым. Әңгіме-дүкен, сұхбат деуге келмейді. Біржақты монолог және мақұлдаушы адресанттар. Себебі ой өрбіту тұрғысынан тілдесушілер арасында теңгерім жоқ.

Ағамыздың білімді, идеяға бай азамат екеніне дау жоқ.

Мен ағаны өзіме ежеттес, мүдделес санайтын едім. Бұрыннан.

Мені таң қалдырған — басқа нәрсе.

Мені таң қалдырған — Қоғамның реакциясы.

Менің байқамымда, қалыпты, демократияшыл қоғамның принциптерін жіктеп-жіліктеп, ішкі принцип, азаматтық үн, берік ұстаным, ашықтық деген дүниелердің төңірегінде сөз қозғады.

Қарапайым, байыпты, ойға қонымды әңгімелерді сөз етті.

Ағаның сұхбатынан кейін жастардың қай тақырыптарды игермегені, оқу орындарында қандай бағыттағы тақырыптардың талданбайтыны мені ойландырды.

Жастардың мұндай “сойқан сұхбатты” аузын аша тыңдауы — бір жағынан қуантады. Бір жағынан — қорқытады.

Себебі қарапайым саяси сауат, демократия, либерализм ережелерін меңгермегені байқалады.

Аталмыш Контент бізге Еуропа, Америка қоғамындағы айтылатын идеялардың әлі толық жетпей жатқанын көрсетті.

Идеялар мен пікір алуандығының қайнары саналатын университет пен білім ошақтарында, ойжарыс алаңдарында демек басқа мәселе жентектеледі деген сөз (деңгейлі тақырып талдана ма, жоқ па, ол жағын нақты зерттеу керек).

Содан соң “сенің президент болуың керек”, “дөп сөз”, “бәрекелді”, “рас, рас”, “сені басшы ету керек”, “сенен мықты саясаткер шығады” деп жаппай бас шұлғудың, ойы жұғымды адамға жарыса комментарий жазып, біреуге жалтақтау әдетінің дағдарыс құшағындағы қоғамға тән екенін студенттермен талдағанбыз.

Әлі ол межеден аспадық деп ойлаймын.

Азиядағы қауымның бір әдеті бар. Үнемі өзіне лидер іздеп отырады.

Көрінген жерде.

Көрінген жерден.

Қызды-қыздымен публикаға өткір, ұнамды ой айтқанды “пайғамбар деңгейіне дейін” жеткізетіндер бар.

Ағаның пікірін, білімін айрықша құрметтеймін. Геосаяси тұрғыдан зерделесек, пікіржарыстырар тұстар бар.

Менің пайымдауымша, этно-гео-политика және халықаралық құқық сілемдері арқылы айызын қандыра талдайтын бірқатар мәселелердің бір қайнауы кем болды. Әлде ағаны аша алмады ма?…

Қысқасы, подкаст бізге не берді?

Подкаст біздің өтпелі кезеңде дағдарып қалғанымызды айнытпай көрсетіп берді.

Дастан ҚАСТАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.