«Біз жетіскеннен жезөкше болмадық» дейді келіншектер
Кедейшілік пен ұзаққа созылған жұмыссыздық кейбір түрікмен әйелдерін отбасыларын асырау үшін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр етуде. Түркіменстандағы Азатлық радиосы ұят іспен айналысқан бірер келіншекті әңгімеге тартып көрді. Соның бірі «баласы аш болса, қандай ана басқа салғанға көніп жайбарақат отыра береді» дегенді айтады, деп жазады Dalanews.kz.
Марал екі кішкентай баласын асырау үшін секс-құлдыққа жегілген, деп жазады Азатлық радиосы. Құлдық демеске шара бар ма? Өзге кәсіп секілді тапқанын мұнда толықтай қолына тие бермейді. Ал қоғам жезөкшені адам құрлы санамайды. 38 жастағы Марал бүгіндері отбасын жалғыз асыраушысы, бастапқыда медбике болған ол жұмыстан қысқарып қалған. Төрт жыл бұрын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған.
«Киім-кешек, мектептің заттарын түгендемек түгілі, менің балаларымның бір апта ыстық тамақсыз отырған кездері болды», — дейді Марал (аты өзгертілген).
Елдің оңтүстік-шығысындағы Түрікменгала қаласының тумасы Марал күйеуінің Түркияға ақша табуға кеткенін айтады. Бірақ біраз уақыттан кейін жұбайы оған ақша жіберуді, онымен сөйлесуді доғарған. Марал жергілікті жұмыспен қамту орталығына тіркелгенімен, бірақ жұмысқа тұра алмапты. Ол мақта алқабына шығып, маусымдық жұмысқа жегілген. Жұмыс ауыр болғанымен, ақысы мардымсыз. Марал жалға алған пәтерінің ақысына тапқаны әрең жететінін, ал отбасының күнделікті жейтін тамағы қара шәй мен нан болғанын айтады.
«Бізге көмектесетін ешкім жоқ. Ата-анам болса, қарт адамдар, ал енемнің денсаулығы нашар. Мен бірнеше рет әлеуметтік қызметтерден көмек сұрадым, бірақ ешқандай қолдау болмады», — дейді Марал.
Түрікменстанда жезөкшелікке тыйым салынған, сондықтан бұл салада жүрген қыз-келіншектер өз жұмысын отбасыларынан мейілінше жасыруға тырысады. Марал күнкөру үшін жол бойына шыққан жалғыз келіншек емес, мұндайлар қатары сан мыңдап.
«Біз жетіскеннен жезөкше болғанымыз жоқ. Мұндай жағдайға шарасыздық алып келді бізді. Егер үкімет бізге жұмыс берсе, ешкім жезөкше болмас еді», деп түсіндіреді атын атамауды сұраған елдің оңтүстік-шығысындағы Марый уәлаятының тұрғыны.
Соңғы жылдары жезөкшелік көрінісі ұлғая түскен, өйткені елде өмір сүру құны күрт өсті, — дейді анонимділікті сақтауды сұраған Марый және Лебап уәлаяттарының тұрғындары. Жас әйелдер клиенттерін, негізінен барлар мен мейрамханалардан табады.
Қызметтердің құны 60 доллардан 140 долларға дейін. Егде жастағы әйелдер, әдетте клиенттерді жүк көліктері мен автотұрақтардан іздейді. Олардың алатын ақысы — 15-30 доллар аралығында. Олар әр кез басын қауіп-қатерге тігеді: жыныстық жолмен берілетін ауруларды жұқтырып алу, зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбаны болу ықтималдылығы.
«Кейбір тұтынушылар алдын ала келісілген төлемді жеме-жемге келгенде төлеуден бас тартады. Олардың кейбіреулері өте дөрекі, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықты қолданады, тіпті бізді сабап тастайды», — дейді лебаптық жезөкше.
Жезөкшелікпен айналысатындар күш органдары тарапынан қанауға, бопсалауға ұшырайтынын айтады.
Марый және Лебап уәлаяттарының бірнеше қыз-келіншегінің айтуынша, полиция оларды жиі ұстап алып, мақта теруге, басқа да ауылшаруашылық жұмыстарына тегін жегеді.Одан бөлек Түркіменстан билігі студенттерді, мұғалімдерді және басқа да мемлекеттік қызметкерлерді мақта теруге үнемі мәжбүрлейді екен.
«Біз [аймақтық] полиция мен прокуратураның жоғары лауазымды шенеуніктерінің қысымына жиі тап боламыз. Бізді учаскелерге апарып, соттамаймыз, айыппұл салмаймыз, босатып жібереміз, бірақ «біз сұраған кезде тегін қызметке дайын болыңдар» деп ескертеді. Сондықтан олар әр кез қоңырау шалғанда, тегін қызметке барамыз», — дейді жезөкшелердің бірі. Әйел шенеуніктердің атын атамады.