Біздегі діни оқу орындарына қаржы бюджеттен бөлініп отырғаны рас па?

0
255

Танымал журналист Ораз Әлімбеков «Қазақстан зайырлы мемлекет пе, әлде теократиялық мемлекет пе?» деген жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

Өз жазбасында журналист еліміздегі бірнеше діни оқу орындарының мемлекет есебінен қаржыландыратынын айтады.

«Ескі Қазақстанның» мүфтиі «Жаңа Қазақстанды» конституциялық дағдарысқа тыға ма?

Қазақстан зайырлы мемлекет пе, әлде теократиялық мемлекет пе?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) бағынатын 10 діни оқу ошағы – бір ислами университеті мен 9 медресе мемлекет қазынасынан, яғни бюджеттен қаржыландырылып келе жатқанына біраз болды.

Ол дінни оқу орындары: медреселер — «Әбу Ханифа», «Әбу Бәкір Сыдық», «Үшқоңыр», «Һибатулла Тарази», «Сарыағаш», «Орал», «Ақтөбе», «Шымкент», «Астана» және Нұр-Мүбарак ислам университеті.

Мұны мүфтият та, білім мен ғылым саласына жауапты министрілік те, дін істері комитеті де жасыруға тырысады.

Қазақстан Республикасы – зайырлы, демократиялық мемлекет. Соған сәйкес, дін мемлекеттен бөлек, яғни мемлекеттік органдарға қандай да бір діни ұйымды бюджеттен қаржыландыруына тыйым салынған.

Діни ұйымдар, атап айтқанда, ҚМДБ мешіттеріне қажет діни қызметкерлерді өзі оқытып дайындап алуы қажет. Заң бойынша солай болса да, білім беру саласына жауапты министрлік Нұр-Мүбарак университеті мен 9 медресеге мемлекеттік білім гранттарын бөліп отыр.

Бұл жағдай түбі Қазақстанды конституциялық дағдарысқа апарады. Қалай?

ҚР Конституциясында азаматтарға наным-сенім бостандығы берілген және азаматтардың барлығы заң алдында тең.

Қазақстан өкіметі қатардағы діни ұйымның біріне ғана – ҚМДБ-ның медреселеріне ғана бюджеттен қаржы бөлуде. Елімізде православ, католик және ҚМДБ-дан басқа да ислами діни ұйымдардың оқу орталықтары бар.

Олар бүгін болмаса, ертең «немнебәле, біз «тоқалдан тудық» па, біздің де оқу орындарымызға мемлекеттік білім беру гранттарын бөліңдер» деп ҚР үкіметіне талап қояды.

Мұндай талап қоюға олардың қақы бар, себебі олар да Қазақстанның теңқұқылы азаматы, еңбек етіп мемлекетке салық төлеп, бюджетті толтыруға үлес қосып отыр.

Қазірдің өзінде конституциялық құқығының бұзылғаны жөнінде бірнеше азамат Дін істері комитеті мен білім беру саласына жауапты министрлікке шағымданған.

Жауапты органдар ҚМДБ молдалары қажап қанталатып тастаған «жауырға» тоқым жауып әуре. Мұнымен проблема шешілмейді.

Жауапқа қанағаттанбаған арызқой азаматтар енді мемлекеттік органдарды сотқа беруді бастайды. Бұл дау ҚР Конституциялық сотына, тіпті халықаралық соттарға жететін анық.

Ол жерде Қазақстанның мемлекеттік органдары «жауырды жаба тоқи» алмай пұшайман болады» деп жазды журналист.

Тайға таңба басқандай етіп, Ата Заңымызда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені жазылғанына қарамастан, елдегі діни оқу орындарын мемлекеттің қаржыландыруын қалай түсінбек керек?

Журналистің жазып отырған деректеріне қатысты жоғары билік пен ҚМБД, ҚР Оқу ағарту министрлігінің ресми түсініктемесі болады деп сенеміз.

Фото көрнекілік үшін.