Біздің имамдардың жалақыдан дәметуге қақысы бар ма?

0
1337

Таяуда діни сайттардың бірінде «біздің имамдарға да Түркияның имамдары сияқты жалақы төленсін» деген сыңайда мақала жарияланыпты. Осы мақалаға орай Түркияда тұрып жатқан Қазақстан азаматы ретінде жауап бергім келеді. 

Иә, түрік имамдарына ел қазынасынан арнайы жалақы тағайындалған. Алайда түрік имамдары ол жалақыны атқарған қызметі үшін алады.

Мысалы, Мехмет өлді делік. Мехмет өлісімен, бірден ауруханаға жеткізіледі. Дәрігердің анықтамасын алу үшін. Осы аралықта марқұм Мехметтің туыстары жергілікті билікке хабар береді.

Жергілікті билік Мехметтің туыстары қалаған  мешітке хабар береді. Мешіт имамы мен мәйітті жуып, кебіндеушілер дайындыққа кіріседі.

Мехмет дәрігер қорытындысымен шығарылған соң, мемлекет арнайы берген көлікпен шаңырағына жеткізіледі. Үйге кіргізілмейді. Үйдің ауласында туыстары, көршілері қоштасады.

Бірер минуттан соң жаназа көлігі мәйітті мешітке апарады. Мешітте мәйітті арнайы қызметкерлер жуындырып, кебіндейді. Табытқа жатқызып, үстіне арнайы матасына дейін жауып дайындайды.

Жаназа уақытында Мехметтің туыстары мешітке келеді. Сол жерде Мехметпен қоштасу рәсімі өтеді. Бұл уақытта мемлекет берген қабір жері реттеліп, қазылып дайындалады. Қабірді де мешіт қызметкерлері қазады.

Әрі қарай табыт зиратқа арнайы тегін көлікпен жеткізіліп, көміледі. Келесі нәрсе — ас беру. Алайда Түркияда біздегідей ас берілмейді.

Халуа қуырылып, таратылады. Мұны да мешіт пен жергілікті билік ұйымдастырады. Шатырлар құрып, келгендерге халуа, су тегін таратылады.

Ал қаралы үйге жақындары тек кіріп-шығады, бітті. Сонымен қатар Түркияда жаназа рәсімін атқарған имамға ақша берілмейді. Себебі — ол оның тікелей міндеті.

Ал зират жері үшін мемлекет белгілеген 1000 Түрік лирасын төлейді. Бітті. 90 миллионға жақын халқы бар Түркияда — осылай.

Ал біздің имамдар қай еңбегі үшін айлық тағайындауды сұрап отыр? Кебінделіп дайын болған мәйіттің қасында тұрып «жақсы адам ба еді?», «қарызы бар ма?» деп сұрағаны үшін сұрап отыр ма?

«Арамтамақ» десе, ренжиді. Алайда біздегі имамдар шапанын сүйретіп, сәлдесін орап әрі-бері көлбеңдеп жүргеннен басқа не жұмыс атқарып жатыр?

Мәйітті әрі-бері тасып, жуып, кебіндеп, қабір қазып жатыр ма? Беттері бүлк етпей, марқұмның үстіндегі кілемді қолтығына қысып, сұраған ақшасын алып, қайқаңдап құриды ғой. Басқа не бітіреді?

Кейде қаралы үйге «Құран оқимын» деп, дайын асты ішіп марқұмның жетісіне дейін күніне бір рет келіп жүреді. Кафеде уағыз айтып, бір «фатиха», үш «ықылас» оқып, тыңқиып тамаққа тойып, біразын пакетке салып, келесі «заказға» кетеді емес пе?

Түріктің имамдары елдегі әрбір оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қоғамдағы оқиғаларға ең болмаса діни баға беріп отырады.

Ал біздегі имамдар ше? Елді дүрліктірген неше түрлі қайғылы жағдайлар болуда. «Мәу» деген біреуі бар ма?

Таяуда Түркияны дүрліктірген оқиға болды. 9 жасар Нарин деген қызды ағасы өлтірді. (интернеттен қарасаңыз, болады) Осы оқиғаға қатысты түрік имамдары қалай шулағанын көреңіз.

Ал біздегі ең болмаса, әлі шуы басылмаған «Шерзат оқиғасына» қатысты имамдар шығып «бұл — тұтас елдің қайғысы. Жастарымыздың бұлай бақилыққа аттануы — жақсы емес. Үйдегі бала тәрбиесіне мықты болайық. Шерзаттың ата-анасына көңіл айтамыз» деген сыңайда бірдеңе айтты ма?

Өткенде Мұрат Телібековтің «имамдарға Шерзат оқиғасының қатысы жоқ па» деген сыңайдағы жазбасына әлеуметтік желіде»Имам не айтуы керек еді?» деген сауатсыз пікірлер жазылыпты.

Сонда имамды бұл елдегі қаралы оқиғалар қызықтырмай ма? Осы елдің суын ішіп, нанын жеп, тілінде сөйлейтін әрбір адамның елдегі кез келген оқиғаға бей-жай қарауға қақысы жоқ.

Қазақстандағы қайғылы жағдайлар селт еткізбеген діншілдер «балалар өліп жатыр» деп жандары ашып, Палестинадағы жағдайға шырылдап еді ғой?! Әлде оларға өз дінінде болмаған кісілер адам емес пе, қас дұшпаны ма?

Өздерінің пиғылдары мынадай, қазақтың қайғысына ортақтасуды білмейді, сөйтіп отырып қазақтың қазынасынан жалақыға ақша алғысы келеді. Бұл қалай?

Төрт тал сақалын сапситып, мешітте отырып алып, қазақ танымайтын әлдекімдердің ерлігін таңнан-кешке дейін насихаттағаны үшін имамдарға ел бюджетінен ақша бөлу керек пе? Бұл әділдік пе?

Емеурінмен болса да имамдарға жалақы тағайындауды өтіну — арсыздық емес пе? Қазір сауатты кісілер имамсыз да таңның атып, тауықтың шақыратынын жақсы біледі. Имамсыз да өлген адамды қазақ арулап шығарып сала алады.

Қит етсе, «жаназаңда имамды іздейсің» дейді надандар. Ау, имамның «бұл кісі қандай адам еді?», «қарызы бар ма?» деген екі ауыз сөзін кез келген қазақ айта алады емес пе?

Әлде, бұл сөздерді имам айтса, марқұмға әлдебір жеңілдік бола ма? Әлде өлген кісіні қазақша жерлеп, қазақша қоштасып шығарып салса, көрден атып шыға ма?

Сондықтан Түркияның имамдарына тамсанған қазақстандық имамдар, бюджеттен жалақы алсақ деп ойлаудың өзі сіздерге — күнә. Дін адамында ұят деген қасиет болуы керек. Ұяттан аттамаңыздар!

Дайындаған — Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Арнайы Democrat.kz. сайты үшін Түркия, Стамбул қаласынан.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.