Болгария Президенті ресми сапармен келді

Бүгін, 9 маусымда, мұнда мәртебелі мейман – Болгария Республикасының Президенті Румен Радев ресми сапармен келеді.
Румен Радев Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ресми сапармен келеді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қазақ-болгар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланбақ.
Президент резиденциясының кіреберісінде дәстүрге сай қос елдің тулары желбіреуде. Президенттік оркестр де дайындық репетициясын бастап кетті.
Румен Георгиев Радев — Болгария Республикасының қазіргі Президенті. Ол бұл қызметке алғаш рет 2017 жылдың 22 қаңтарында сайланып, 2021 жылы екінші мерзімге қайта сайланды. 1963 жылы 18 маусымда Димитровград қаласында дүниеге келген. Сайлауға социалистердің қолдауымен тәуелсіз кандидат ретінде қатысқан.
Еске салайық, Болгария — Еуропадағы ең көне мемлекеттердің бірі. Алғашқы Болгар патшалығы 681 жылы Плиска астанасында құрылған. Сонымен қатар, Болгария — кириллицаның отаны, ол IX ғасырда әулие Кирилл мен Мефодийдің шәкірттері тарапынан жасалып, алғаш рет осы елде қолданылған.