Бүгін Салтанат… келесі кезекте кім?

0
229

Қазақстанда #ЗАКОНСАЛТАНАТ хэштегімен Парламентке хат жазуға үндейтін акция басталды, — деп хабарлайды Democrat.kz  ақпараттық порталы  Dalanews.kz.-ке сілтеме жасап.

Белсенділер әрбір азаматтың дауысы, хаты маңызды екенін айтты.

«Бей-жай қарамаңыздар, сіздердің дауыстарыңыз маңызды! Зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартатын, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы қабылдануын қолдайық.

Сіздің хатыңыз заңнамалық өзгерістерді қабылдауға түрткі болуы әбден мүмкін. Қауіпсіз болашақ үшін бүгіннен бастап әрекет етіңіз!»- деп мәлімдеді «Еркіндік қанаты» қоғамдық өкілдері. Осыған орай өз пікірін білдірген бірнеше қыз-келіншек бұл акцияны қос қолдап қолдайтынын жеткізіп:

“Бүгін Салтанаттың өліміне қатысты болып жатқан сотта ақ пен қара, мейірім мен зұлымдық айқасуда. Бұл сот тек Салтанаттың ғана емес, бүкіл қазақ даласындағы әйелдердің жан айқайының көрінісі.

Салтанат жай ғана өлмеді, қазақ әйелін оятып, қазақ еркегін сілкінтіп, тұтас қазақ қоғамын қозғап кетті. Сондықтан өзі шеккен азапты қызы да тартпасын десе, әрбір әйел осы жолы үнсіз қалмауға тиісті”,- дейді.

Қазір Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.

Яғни отбасылық-тұрмыстық және қоғамдық салалардағы зорлық-зомбылыққа қатысты әрекеттерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр.

«Бізде Сенатта сенаторлардың деструктивті топ белсенділерімен кулуарлық және ресми кездесулері өтіп жатқаны туралы ақпарат бар.

…Ұзақ жыл бойы бұл адамдар елдегі жағдайды тұрақсыздандыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді және қоғамды дамытуға, адам құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобаларын қабылдауға кедергі келтіріп отыр», — дейді қоғам белсенділері.

Фото ашық дереккөзден алынды.