«…бұл даладан әлі талай Мағжан шығады» деп журналист үндеу жолдады

0
642

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты ел ішінде санаға сыймайтын, қисынға келмейтін сөздер әлеуметтік желіде желдей есе бастады. Осыған байланысты Теріскейде танымал, қаламы қарымды журналист Ләзиза Мырзантайқызы әлеуметтік желіде бос сөзбен малта езгендерге үндеу жолдады деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы.

Төменде журналистің жазбасын еш өзгеріссіз жариялап, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

“Осы тізімге әлеуметтік желіде солтүстікке қатысты «миға сыймайтын» пікір айтып жүргендерді, ел басына күн туғанда музей аралап, қыдырып жүргендерді, жандарына арнайы фотографы мен мобилографын ертіп келіп, түк мәселе шешпей кеткен «жоғарыда» отыратын қонақтарды, халықтың қаражатына күн көруді әдетке айналдырған, айналасын даурықтырып, бірақ-та көмек көрсету үшін емес, өзін көрсету үшін жүргендерді де қосу керек сияқты!

Мүмкін… бізде батыстың қызуқандығы мен оңтүстіктің ашықтығы жоқ шығар, бірақ бізде тік мінезділік пен салмақтылық, салқынқандылық пен байсалдылық бар! Бізде басқаларға ұқсамайтын мәдениет пен интеллигенттік бар!

Сол үшін де су келе жатыр деп елді шулатпадық, су басып жатыр деп әлемге айғайламадық! Қала сусыз, жарықсыз қалғанда да сабырлығымыздан тайынбадық, қайта-қайта видеоға түсіріп, жаһанға жар салмадық!

Осы мінезіміз үшін — «шуламай жата бересіңдер ме?», «шынымен су басып жатыр ма?»,«ол жерде қазақтар бар ма өзі?», «бәрібір оңып тұрған жер емес екен ғой» деген сыңайдағы ауыр сөздерді естіп жатырмыз.

Иә, Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны басталғалы бері қол жайып ешкімнен ештеңе сұрамады.«Шұғыл көмек» деп «сбор» ашып жіберіп, дереу ақша жинап жатқандар да бізде жоқ. Судың басы-қасында жүріп, болып жатқан жағдайды түсіріп, жеткізіп жүрген санаулы ғана блогерлеріміз болмаса, басқасы да жоқ екен.

Себебі — теріскейліктердің оған уақыты жоқ! Барлығы жұмылып, ерікті ретінде қолдан келгенше көмек көрсетіп әлек. Бұл жұмысқа еңкейген қарттан бастап, офисте жұмыс істегеніне қарамастан, қолына күрек ұстаған жастарымыз да араласты.

Бас аман болса, мал табылар! Басқа түскен қиындыққа байбалам салмай, ары қарай әрекет етуіміз, намысшылдығымыз бен ар-абыройымыз, сабырлығымыз бен төзімділігіміз, шыдамдылығымыз бен тағаттылығымыз болса, әлі талай қиындықты жеңеміз, бұл даладан әлі талай Мағжандар шығады!

(тек пайдасы жоқ, командировочныйды құртуға келетін қонақтар,су кеткен соң келіңіздер!).

P.S.Өз елінің тарихы мен географиясын білмейтін «шала сауаттыларға» айтарым, Солтүстік Қазақстан облысы тұтастай (соның ішінде Петропавл қаласы) —  қазақтың жері, қазақтың даласы!!!” деп жазады журналист Ләзиза Мырзантайқызы.

Осы жазбаға орай өз тарапымыздан қосып өтетін шағын пікіріміз — расымен де Теріскейдің халқы ерекше мәдениеттілігін осынау ел басына күн туғанда айқын көрсетті.

Су тасқыны болып жатқан ауыл-аймақтан тарап жатқан әрбір видеоны қалт жібермей, мониторинг жүргізіп көрсеңіз, Солтүстік Қазақстан облысы ұлтына, дініне, түріне, киіміне қарамастан жұмылған жұдырықтай бірлікте жәрдем жұмыстарын атқарып жатыр.

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.