“Бұның бәрі жалған сөз, жалған ақпарат” дейді Асхат Садырбай

0
557

Танымал журналист Асхат Садырбай жеке отбасылық мәселесіне байланысты әріптестері таратқан ақпараттарға ренішін білдіріп, өзіне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеп жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

Өз жазбасында Асхат Садырбай ақпаратпен қалай жұмыс істеуді білмейтін журналист әріптестеріне шүйлігіп:

“Достар, менің жеке өмірім жайлы жалған ақпаратармен менің жеке басыма жасалып жатқан ақпараттық шабуыл туралы қысқаша тоқталып өтейін.

Бұлай жазып ескертпесем, ақпарат саласында істесе де, ақпаратпен қалай жұмыс істеуді білмейтін кейбір журналистердің қоятын түрі жоқ.

Мен ҚР Заңын құрметтейтін, оны орындайтын, оған бағынатын және өзгелерді де соған шақыратын азаматпын. Өзімнің таңдаған саламда 20 жылдан астам қызмет атқарып келемін.

Мен телевизия саласына кездейсоқ немесе біреу арқылы келген маман емеспін. Өз саламды, өз жұмысымды жақсы білемін. Менің іскерлік қабілетім мен адами қасиеттерімді талай жыл қызметтес болған әріптестер, жақын адамдар жақсы біледі.

Біреуге жалған жағыну, екіжүзділікпен мал жинау сияқты нәрселер маған жат. Турасын айтамын. Солай істеймін деп кейбіреулерге жақпай да қалатыным бар. Алайда бәріне көрермен куә.

Жеке өмірімдегі сәтсіздіктердің болғанын жасырмаймын. Ол туралы талай айтқанмын. Менің қандай әке екенімді балаларым біледі.

Ал, қандай жар болғаныма қатысты үлкен арнаның эфиріне оралғалы осы бір жағымсыз ақпараттар басылар емес. Мен тіпті бұл ақпараттарды кім, қалай таратып жатқанын да білемін.

Бұл ақпарат шықпай тұрып тіпті маған әріптесер арқылы ескерту де келген. Кім не десе о десін. Ұлдарым өсіп келе жатқандықтан артық әңгіме айтпаймын.

Мен тек өзімнің құқығымды қорғаймын деп шештім. Сол себепті де заңға жүгіндім. Сотқа қайырылмауыма болмады. Ешкім ешкімді соттайын деп жатқан жоқ.

Ешкім “Астарлы ақиқатқа” ақша өндіруді сұраған жоқ! Жеке өмірімді жұмыспен байланыстырып, сот арқылы ток шоуға ақша өндіргелі жатыр деген тапсырыс посттарды кейбір “блогерлер” жазыпты.

Бұның бәрі жалған сөз, жалған ақпарат. Аяқталмаған сот туралы жалған ақпарат таратқан азаматтар мен басылым беттеріне сотқа дейінгі арыз жолданды.

Сіздерден өтініш, ешқандай жалған ақпараттарға сенбеулеріңізді сұраймын. Өз жаңалықтарыммен мен өзімнің ресми парақшаларымда бөлісіп отырамын.

Бұл күлетін жағдай емес.“Айтатын әңгіме болады, айтпайтын әңгіме болады” деген дана сөзді Зейнеп Ахметова маған берген сұхбатында айтып еді. Бәрі өз орнымен, уақытымен айтылады. Қолдауларыңызға рахмет” деп жазды журналист әлеуметтік желі парақшасында.

Фото көрнекілік үшін интернеттен.