Бурабайда қызық көріп катамаранға мінген бес бала жағадан алыстап кетті

0
202

Ақмола облысының Бурабай ауданында бес бала түнгі уақытта Қатаркөл көлінің жағалауында иесіз қалған катамаранды тауып алып, мінген. Алайда қызыққа батқан балалар катамаранның жағадан алыстап кеткенін байқамаған.

Катамаран жағадан бес метрдей алыстап кеткенде үш бала қорыққаннан суға секіріп, жағаға өз бетінше жүзіп келген. Катамаранда 2008 және 2014 жылы туған екі бала қалып қойған. Олардың біреуі жүзе алмайды. Қатты желдің салдарынан катамаран жағалаудан 500 метр қашықтыққа алыстап кетті.

Жағаға оралған балалар 112 нөміріне қоңырау шалып, құтқарушылардан көмек сұраған.

“Суда құтқару жасағының қызметкерлері тепловизоры бар ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланып, балаларды тапты. Қайықпен жеткен құтқарушылар оларды жағаға жеткізіп, жедел медициналық жәрдем көлігіне тапсырды”, – деп мәлімдеді төтенше жағдай министрлігі.

Кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тегтер+3бурабай